АХҚО сотында жасанды интеллект қолданыла бастады
АСТАНА. KAZINFORM – «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотында жасанды интеллект қолданыла бастады. Бұл туралы Astana Finance Days аясында АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров айтты.
Оның айтуынша, бұрын сот отырысында айтылған сөздерді арнайы маман жазып отырса, қазір бұл жұмыс автоматтандырылған.
- Бұрын сотта стенографист жұмыс істейтін. Қазір айтылған сөздер үш тілде автоматты түрде мәтінге түсіріледі. Тіпті сот отырысында бірнеше тіл қатар қолданылса да, жүйе оларды ажыратып, мәтінге түсіре алады, – деді Ренат Бектұров.
АХҚО-да жасанды интеллект жаңа қатысушыларға ақпарат беру үшін де пайдаланылады. Орталық арнайы виртуалды көмекші әзірлеген. Ол сайтқа кірген адамның сұрақтарына жауап беріп, қызметіне қарай қандай лицензия қажет екенін және оны алу үшін қандай талаптарды орындау керегін түсіндіреді.
Бектұровтың сөзінше, АХҚО жасанды интеллектіні пайдалануға қатаң шектеу қоймайды. Алайда маңызды шешімдерді тек жасанды интеллектінің өзіне тапсыруға болмайды. Оның берген ақпараты мен қорытындысын міндетті түрде адам тексеруі керек.
- Қаржы саласы қателікті кешірмейді. Мысалы, адамдар ақшасынан айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан әзірге шешім қабылдауға адам қатысып, оған өзі жауап береді, - деді ол.
Сонымен қатар АХҚО-да бухгалтер мен заңгердің кейбір жұмысын жасанды интеллектке тапсыру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Бұл ретте орталық басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, жасанды интеллектінің қаржы саласында қалай қолданылып жатқанын бақылап отыр.
Айта кетейік, бүгін елордада Astana Finance Days форумы өтіп жатыр. Биылғы іс-шараға әлемнің 90 елінен 8 мыңға жуық қатысушы тіркелген. Форум аясында Қазақстанның тау-кен және креативті индустрия саласындағы жобалары шетелдік инвесторларға таныстырылып жатыр.