АХҚО валюталық реттеу жөніндегі актісі 1 желтоқсанда күшіне енеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Астана» халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстанның қаржы нарығына қол жеткізу мүмкіндігі артады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаржы нарығын одан әрі дамыту мен ел экономикасын дамытуға сыртқы инвестицияларды тарту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстанның қаржы нарығына қол жеткізу мүмкіндігі артады. Қаржы орталықтары жұмысының табысты халықаралық тәжірибесін ескере отырып, биыл 10 қарашада Ұлттық Банк пен агенттіктің тікелей қатысуымен әзірленген «Астана» халықаралық қаржы орталығының валюталық реттеу жөніндегі актісі қабылданды. Акт биылғы
1 желтоқсаннан бастап күшіне енеді», - деді Е. Досаев.
Оның айтуынша, Қазақстан нарығының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету ескеріліп, еліміздің бүкіл аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңынан көрсетілетін қаржылық қызметтер тізбесі айқындалды.
«Бұл қадам Астана халықаралық қаржы орталығына шетелдік инвестицияларды тартудың негізгі алаңы ретінде қаржы орталығының әлеуетін толығымен іске асыруға мүмкіндік береді, қаржы нарығының дамуына ықпал етеді және экономиканың өсуіне қолдау көрсетеді», - деді Е. Досаев.
Бұған дейін Ерболат Досаев Цифрлық теңге» пилоттық жобасы туралы баяндаған еді.