АХҚО жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда - Сағынтаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Астана" халықаралық қаржы орталығы жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда. Бұл туралы бүгін Astana Finance Days сессиясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АХҚО жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда - Сағынтаев

"Сіздерді еліміздің кіндік қаласы - бүгінде өзінің 20 жылдығын атап өтіп жатқан ару Астанада қарсы алып отырғаныма шын жүректен қуаныштымын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Астана - бүкіл Қазақстанның жетістігі. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал біз - салдық! Жас елорда егемен Қазақстанның қалыптасуын, біздің жеңістеріміз бен жетістіктерімізді, әлемнің дамыған экономикасының ТОП-30-дығына кіруге ұмтылған еліміздің болашағын бір арнаға тоғыстырды. Күні ертең ерекше оқиға - болашақ қаржы нарықтарына серпін беруге бағытталған, тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі ұлттық мегажоба - Астана халықаралық қаржы орталығының ресми тұсаукесері өтеді", - деп атап өтті сессия отырысын ашқан Үкімет басшысы.

Сонымен қатар ол бүгінгі диалог және мәртебелі меймандармен кездесу аса маңызды екендігін, себебі АХҚО алғашқы қадамын енді басып жатқанын атап өтті.

"Біздің әңгімеміз, сіздердің кеңестеріңіз бен ұсыныстарыңыз Қаржы орталығының жұмысын дұрыс үйлестіріп, оның мүмкіндіктері мен артықшылықтарын паш етуге септігін тигізетініне сенімдімін.  АХҚО жаңа буынның қаржы орталығы ретінде құрылуда. Ол әлемдік қаржы орталықтарының классикалық функцияларын орындап қана қоймай, сонымен қатар дүниежүзілік қаржы әлемінің ең перспективалы даму бағыттарындағы қызметтерді көрсететін болады", - деді Бақытжан Сағынтаев.