АХҚО жас мамандарға бағыт көрсететін менторларды тауып бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада «Астана» Халықаралық қаржы орталығының ұйымдастыруымен өткен «Be-A-Pro» кәсіби жас мамандардың екінші конференциясына 500-ге жуық адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АХҚО жас мамандарға бағыт көрсететін менторларды тауып бермек

Шара барысында халықаралық және қазақстандық үздік 12 сарапшы Астанаға келіп, жастарға өздерінің табысқа жету жолдарымен бөлісті. Сонымен қатар, олар жас буынның қызықтырарлық сұрақтарына жауап берді.

Мәселен, қазақстандық кәсіпкерлердің бірі Рула Райм қазіргі капиталы 100 миллион АҚШ доллары болатын Froot стартапының, кейін «ХАСТ» экономикалық қорының негізін қалаған. Қор қазіргі таңда Швейцарияда компаниялар мен мемлекеттер жаңа валюталарды қолданысқа енгізе алатындай алаңды ұсыну жобасын жүзеге асыруда.

Сондай-ақ Айнұр Аққожина Қазақстандағы, Еуропа елдері мен Таяу Шығыстағы венчурлық капиталдарды басқару бойынша компанияны төрт жыл басқарып келеді. Ол сонымен бірге Қазақстанда жұмыс жүргізетін америкалық үздік компанияларда қаржылық қадағалаушы болып еңбек еткен. Қазіргі таңда ол инвесторларға көмек қолын созатын АҚШ-тағы TGA Capital жеке инвестициялық компанияның серіктесі болып отыр.

Тағы бір спикер - «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов. Бұрын ол Ұлттық банктің монетарлы қатынастар департаментінде жұмыс істеген. Кейін Ливерпульда МВА футбол индустриясы бағдарламасын бітірген. Отанына оралғаннан кейін «Астана» клубында атқарушы директор, президент және бас менеджер болған.

Конференцияда АХҚО Бюросы менторлық бағдарламаны бастағанын жария етті. Бағдарлама жас мамандардың қаржылық, инвестициялық және жобалық индустрияның кәсіби шеберлерімен өзара ірекет етуін көздейді.

Айта кетейік, «Be-A-Pro» қаржы секторының мамандарынан кеңес алу алаңын құрып, кәсіби қауымдастықтарды қалыптастыру мақсатында 2017 жылы құрылған болатын.