Ахметов ісіндегі фигурант бюджет қаржысын араб компаниясының шотына аударғанын айтты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық сотында бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов пен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс одан әрі қаралуда.
None
None

Қарағандыдағы индустриялық парктің инфрақұрылымының құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру туралы эпизодты қарау барысында сотталушылардың бірі - «Eco-treatmentsystems» ЖШС-ның директоры Думан Нұрбаев куәгер ретінде жауап берді.

Естеріңізге сала кетейік, бұдан ертерек осы іс бойынша айпыталушылардың бірі - Қазақстан өнеркәсіптік корпорациясының бас директоры Әлжан Ақмолдаев куәгер ретінде жауап беріп, Серік Ахметовтің арқасында «Центрстрой-комплект НС» компаниясы Қарағандыдағы индустриялық парктің инфрақұрылымын салуда өте тиімді шарттармен мердігер атанғанын айтқан болатын. Дәл осы Әлжан Ақмолдаев бүгін жауап алынған Думан Нұрбаев басқаратын «Eco-treatmentsystems» ЖШС компаниясын келісімшарт бойынша бөлінген қаражаттың жартысын қайтарып бересің деген шартпен мердігер ретінде жұмысқа тартқан.

Ал, жуырда «Сомнус» ЖШС-ның директоры Н.Елгондинның ісі бойынша куәгер болған адам осы компанияның көмегімен Қарағанды индустриялық паркінің инфрақұрылымына бөлінген қаражат қолма-қол ақшаға айналғанын айтқан болатын.

«Әуел бастан-ақ Әлжан Ақмолдаев осы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру жолын ұсынған болатын. Яғни, бұл қаражатты қалай қолма қол ақшаға айналдырамыз дегенде, бізге компанияларды тауып, олармен келісімшарт әзірлеп, қаражат арасындағы айырмашылықтарды қолма қол ақшаға айналдырып, оған беріп отыруымыз керектігін айтқан. Немесе өзге де жолдарды қарастыруға болады деді. Жеке кездесуіміздің бірінен соң Ақмолдаев қаражатты шетелдік компаниялардың шотына аудару арқылы қолма қол ақшаға айналдыруға болады деді, бірақ, нақты қандай компания болатынын немесе қандай юрисдикция арқылы жүзеге асатынын айтқан жоқ», - деді Д.Нұрбаев.

Д.Нұрбаевтың банк саласында таныстары болған, сондықтан, ол бұл шартты орындайтынын білген. Осы сәтте Қарағанды индустриялық паркінің инфрақұрылымына қатысты құрылыс жұмыстары басталып кеткен болатын.

«Сөйтіп, Ақмолдаевтың алдындағы уәдемді орындайтын кез де келді. Бұл шамамен 2012 жылдың соңы болатын. Яғни, алдын ала келіскеніміздей, мен «Сомнус» ЖШС, «Gepipetrade» ЖШС және «PerfectEducation» ЖШС компанияларын таптым. Мен «Сомнус» компаниясының директоры студенттік кезден бергі танысым Нұрлан Елгондин екенін білетінмін, бұл компания сантехникалық қызметтер ұсынатынын, кіші-гірім жұмыстар атқаратынын білетінмін және инфрақұрылымның жұмыстарына келетін компаниядай көрінді. Мен Н.Елгондинға хабарласып, ол тағы басқа адамдарға хабарласып, құрылғы жеткізу үшін осы үш компанияны таптық»,-деп хабарлады Д.Нұрбаев.

«Жұмыстың шарты мынандай болатын: біз осы компаниялар арқылы инфрақұрылымның құрылысына қажетті құрылғыларды, басқа да керек-жарақ материалдарды сатып аламыз, ал қаражаттың қалғанын олар қолма-қол ақшаға айналдырып, маған беріп отыруы керек еді. Осылайша, «PerfectEducation» компаниясына 504 млн теңге, «Сомнус» компаниясына 656 млн теңге, Gepipetrade» - 117 млн.теңге аудардық», - деп түсіндірді әрі қарай Д.Нұрбаев.

Д.Нұрбаевтың айтуынша, ол Ә.Ақмолдаевқа қолма-қол ақшаны екі жолмен қайтарып отырған, біріншіден, тиісті компанияның шет елдегі шотына аудару арқылы, екіншіден, қолма-қол апарып беру арқылы. Ақмолдаев оған «Al Karada General Trading LLC» деген араб компаниясының реквизиттерін беріп, осы компанияның шотына ақша аудару керектігін айтқан.

«Осылайша, мен арқылы «Al Karada General Trading LLC» компаниясының шотына 1 млн доллар көлемінде қаражат аударылды. Нақтырақ айтсам, «Al Karada General Trading LLC» компаниясының шотына мен 2012 жылдың желтоқсанында, дәлірек айтсам, 11 желтоқсан күні 150 мың доллар, 13 желтоқсан күні 100 мың доллар және 27 желтоқсан күні 147 мың доллар, барлығын қосқанда 496 мың доллар аудардым. Аударылған жалпы сома 993 мың долларды құрады», - деп хабарлады Д.Нұрбаев.

Соңғы жаңалықтар