Ахметжан Есімов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Елшісімен кездесті

АЛМАТЫ. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын жоғары деңгейде өткізуге барлық жағдай жасалады.

Ахметжан Есімов ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Елшісімен кездесті

Бұл жайында бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімов пен ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Елшісі, Президент сайлауын бақылау жөніндегі миссиясының басшысы Даан Ейвертспен болған кездесуде айтылды. Әкімнің сөзіне қарағанда, Президенттік сайлауға Алматыдағы 467 сайлау учаскесі толықтай дайын. 13 наурызға дейінгі мәлімет бойынша, ондағы сайлаушылар тізімі 955 525 адамды құрап отыр. Президенттікке үміткерлердің барлығына бірдей БАҚ-на теңдей қолжетімді жағдай жасалған. Аккредитациясы бар бақылаушылардың электоралды науқан және сайлау кезінде еркін жұмыс жасауларына барлық мүмкіндіктері бар.

Д. Ейвертстің айтуынша, оның бұл сапардағы басты мақсаты - ҚР Президенті сайлауы алдындағы ахуалмен танысу. Ол сайлауды ұйымдастыру мен өткізу және сайлау комиссиясы құрамын жасақтау барысына ерекше қызығушылық білдірді. Жалпы штаб-пәтері Варшавада орналасқан ДИАҚБ 1990 жылы құрылған болатын. Янез Ленарчич жетекшілік ететін бұл ұйым бүкіл ЕҚЫҰ аумағында жұмыс жасайды.