Ахметжан Есімов Серік Үмбетовке Алматы маңындағы аймақтарды дамытудың бас жобасын табыстады
АТЫ. 17 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматы маңындағы Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешенінде қала әкімі Ахметжан Есімов Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовке Алматы маңындағы аймақтарды дамытудың бас жобасын табыстады.
А.Есімовтың пікірінше, қаланың бас жоспары сапалы әрі аз уақытта жасалған. «Дәл осы жерде екі күн бұрын Елбасы болып, оның бас жобасын мұқият қарап, өте жоғары баға берді. Мұны жасау көп жұмыс пен қаражатты қажет етті. Дегенмен ұсынысымызды Үкімет қабыл алып, оның жұмысына 950 млн. теңге бөлді. Бір айдай уақыт бұрын Үкімет жобаны мақұлдап, қазір іске асуда", - дейді қала әкімі.
Мамандардың айтуынша, алғаш жасалып отырған Алматының бас жобасы қала шетіндегі аймақтардың барлық даму аспектілерін ескере отырып жасалған. Тұрғызылып жатқан құрылыстар, көлік және инженерлік жүйелер, халықтың демалыс орындары, әлеуметтік сала нысандары мен жасыл орман, бақ аумақтарының барлығы да жобаны жасау кезінде ескерген.
Алматы облысының Қарасай, Талғар, Іле және Қапшағай, Еңбекшіқазақ пен Жамбыл аудандарының жартысын қамтып жатқан бас жоба 17,44 мың текше метрді құрап отыр, оған 221 елді мекен кірген.
Осы бас жоба аясында экологиялық таза орта құру мен Алматының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар Алматы мен оның маңындағы аймақтардың қаржылай дамуымен қоса туристік, ғылым-білім саласы, медициналық аймақты орталық, құрылыс индустиясын дамыту көзделіп отыр.
Жиын барысында қала әкімі аталған бас жобаны жасаған мамандарды құттықтап, мақтау қағаздарымен марапаттады.