«Ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шаралар қолдауға лайық» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 23 желтоқсан, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Украина астанасы - Киевте болды. Қазақстан Президенті жұмыс сапары барысында Украина Президенті Петр Порошенкомен кездесті. Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, Украинадағы ахуалды, оны барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы реттеу жолдарын қарастырды.
Қазақстан басшысы Украина төңірегіндегі ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шараларды қолдайтынын айтты. Қазіргі жағдай ешкімге пайда бермейді. Барлық елдермен достық қатынаста екенімізді ескере отырып, біз осы мәселе жөнінде сізбен бірлесіп жұмыс істей аламыз. Біз белгілі бір шешімге келіп, адамдардың опат болуын тоқтатуға септігін тигізетін шаралар қабылдау үшін іс-қимылдарымызды үйлестіре аламыз деп үміттенемін, деді Қазақстан Президенті. Бұл жайында «Ахуалды бейбіт реттеуге бағытталған барлық шаралар қолдауға лайық» атты мақаладан оқи аласыздар.
Бас басылымда «Қазақстанның даму банкі» (ҚДБ) АҚ басқармасының төрағасы Болат Жәмішевпен арадағы сұхбат басылды.
«Ағымдағы жылдың 1 қарашасына қарағандағы жағдай бойынша ҚДБ әкімшілігі мен қаржыландыруында жалпы, қарыз сомасы 1 трлн. теңгеден астам отыз бір инвестициялық жоба мен үш экспорттық операциялар бар. Он айдың ішінде Даму банкі («БРК-Лизинг» еншілес компаниясын қоса есептегенде) жалпы сомасы 162 млрд. теңгеден астам он бір инвестициялық жобаны, лизингтік мәмілелерді және экспорттық операцияларды қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Оның ішінде, үш жоба инфрақұрылым саласымен және сегізі - өңдеу өнеркәсібімен ұсынылған. Егер нақтырақ айтатын болсақ, бұл ірі инфрақұрылымдық жобалар - Оңтүстік Қазақстан облысының газ тарату жүйесін жетілдіру, теміржол желісі бойымен аппараттық-бағдарламалық кешен құрылысын салу, байланыс платформасын орнату («Транстелеком» АҚ), Ақтөбе облысындағы феррохром жоғары көмір қышқылды өндірісті кеңейту («Казхром»), «СарыарқаАвтоПромда» автомобиль құрастыру», - деді басқарма төрағасы. Бұл сұхбат « Болат ЖӘМІШЕВ: «Жақсы банк - ол қарыз алушылардың талаптарына сәйкес келетін банк» деген тақырыппен берілді.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен отырысында ел Үкіметі биылғы жылдың алдын ала әлеуметтік-экономикалық қорытындыларын шығарды.
Жария болған ресми статистикаға сенсек, жыл басынан бері инфляция 6,9 пайызды құрады. Бұл былтырғы жылғыдан 2,8 пайызға көп. Бұл ретте ағымдағы жылы азық-түлік 6,9 пайызға, ал азық-түліктік емес тауарлар - 7,8 пайызға қымбаттапты. Ақылы қызметтер құны да 6,1 пайызға көтерілген. - Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі байқалады, бірақ бұл ретте тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы инвестициялық белсенділіктің төмендігі кесірінен, инвестициялардың өсу қарқыны баяулады және 4,1 пайызды құрады. Былтырғы жылы дәл осы уақытта - 8,7 пайыз болған еді, - деп мәлім етті Үкімет отырысынан соң, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте, Ұлттық экономика министрінің орынбасары Мәдина Әбілқасымова. Бұл туралы «Үкімет тәуелділікті төмендетеді» атты мақаладан толық оқып шығуға болады.
Осы басылымда «Адалдығымның арқасында аман жүрмін» деген тақырыппен Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевпен арадағы сұхбат жарияланды.
«Бұл мәселе қоғамда көптен бері қозғалып келеді. Енді оны үкіметтік деңгейде шешудің алғашқы қадамы жасала бастағаны - жақсылықтың нышаны. Дегенмен қателіктерге ұрынбас үшін бұл жерде терең зерттеу қажет. Иә, қазіргідей алмағайып сәттерде солтүстік аймақтарды қазақыландыру - түпкі мақсат. Бірақ ұрандатып атқаратын іс емес. Егер ұлттық тепе-теңдікті тиімді етіп, тігісін жатқызып ұстамасақ, алпауыттардың астында қалуымыз әбден мүмкін ғой. Біздің жерімізде өртке ұласатын ұшқынды шығармас үшін, бәріне де дайын болуды өмірдің өзі талап етіп отыр. Әрине, ішкі миграцияны жүйелі түрде реттеуіміз қажет. Қазір халық жылы қоныс, жайлы мекен іздеп, көшіп жатады. Егер біз олардың бағытын солтүстікке қарай бұрғымыз келсе, міндетті түрде материалдық игілікпен қызығатындай етіп ынталандырғанымыз дұрыс. Қараңыз, кеңестік кезеңнің өзінде әрбір аймақтың қиыншылығына орай жалақы төленетін. Өйткені солтүстік пен оңтүстікте еңбек ету, күш-қайрат жұмсау, шығын шығару бірдей емес қой. Болса да суық өңірлерде қиынға, әрі көп шығынға түседі»,-дейді депутат.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Тілшінің тірлігін кім ойлайды? ..» деген мақала берілген. «Журналист қауымын халықтың «көзі,« құлағы», тіпті« үні» десек жаңсақтық болмас. Алайда осы ел мен билікті байланыстырушы тілшілер қауымын баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында да көз жетті», - деп жазады мақала авторы. Адамгершілік, ел мүддесі тұрғысынан ойлап қарасақ, дәрігерлер мен ұстаздар сияқты журналистер қандай нысанда, мейлі жекеменшік нысанында болсын мамандығымен қызмет етіп жүрсе, мемлекет оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тиіс екенін ұғыну қиын емес.
«Ал қазір, әсіресе қазақ журналистері үшін баспаналы болу өзекті мәселеге айналып отыр. Жалақысы мен қаламақысы тамағы мен киімінен артылмайтыны өз алдына, кейбір әріптестеріміз ай сайын пәтер жалдағаны үшін біраз қаражатын жұмсауы керек. Қазақ тіліндегі БАҚ-тардың қалталы қожайындары болмайтынын, тендерден өткендері мардымсыз жалақымен ғана күн көрерліктей қаржыландырылатынын аңғару қиын емес», - деп жазады басылым.