AI кино байқауында жүлде алған қазақстандық фильм несімен қызықты

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Astana AI Film Festival өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған байқауға әлемнің 125 елінен 8 мыңнан астам өтінім түсіп, олардың арасынан 25 жұмыс финалға жолдама алды. Үздік туындыларды халықаралық қазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

AI кино байқауында жүлде алған қазақстандық фильм несімен қызықты
Фото: видеодан алынған скрин

Фестиваль қорытындысында қазақстандық автор да мінберден көрінді. Мырзахан Жұмаханның It Was Just a Joke фильмі Best Character — «Үздік кейіпкер» номинациясында жеңімпаз атанды.

– Фильмім — комедиялық жанрда. Мұнда ит пен оның иесінің ағасы қарапайым әзіл үшін төбелесе бастайды. Соңында бұл нағыз жанжалға айналады, — деп бөлісті жеңімпаз Jibek Joly телеарнасының »Бүгін Live» бағдарламасында.

Автордың айтуынша, ол туындыны әзілге құрылған жеңіл комедия ретінде жасаған.

— Бәсекелестікке байланысты қатты қобалжыдым. Өйткені мұнда талантты әрі мықты мамандар өте көп. Барлық қатысушы өз фильміне көп уақыт жұмсаған, — деді спикер.

Автордың жетістігімен қатар, фестивальдің басты жүлдесі де халықаралық деңгейдегі бәсекенің жоғары болғанын көрсетті.

Astana AI Film Festival Гран-приін латвиялық Николай Шестак иеленді. Оның The First Honest Day фильмі І орынға лайық деп танылып, авторға 450 мың доллар сыйақы берілді. ІІ орын иегері 200 мың, ал ІІІ орын иегері 100 мың доллар алды. Осылайша фестивальдің жалпы жүлде қоры 2 миллион доллар болды.

Фестиваль тек байқау жұмыстарын бағалаумен шектелген жоқ. Негізгі бағдарлама аясында авторлар мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен іскерлік кездесулер мен панельдік пікірталастар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, үш күн ішінде фестиваль жасанды интеллектіні кино өндірісінде қолданатын авторлардың басын қосып, халықаралық шығармашылық алаңға айналды.

Еске салайық, бұған дейін кинотеатрларда қандай жаңа фильмдер шыққанын бөліскен едік.