AI киноиндустрияны қалай өзгертеді: Елордада өтіп жатқан Astana AI Film Festival қандай жаңалық әкелді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде жасанды интеллект технологиялары өнер мен кинематография саласына қарқынды еніп келеді. Астанада өтіп жатқан Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) халықаралық фестивалі осы бағыттағы әлемдік трендтерді айқындайтын басты алаңға айналды.
Фестиваль негізін қалаушы Айзат Кусейновтың айтуынша, жасанды интеллект кинематографияның дәстүрлі қалыптарын бұзып, бұрын-соңды болмаған жаңа жанрлардың тууына жол ашып отыр.
– Бұрын кино әлемінде негізгі нарратив пен трендтер тек Батыстан, Голливуд пен Еуропадан тарайтын. Ал қазір біз жасанды интеллект арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен, Сенегалдан, Үндістаннан, Азия елдерінен келген авторлардың бірегей туындыларын көріп отырмыз. AI әртүрлі халықтардың төл мәдениеті мен қызықты концепцияларын экранға шығаруға мүмкіндік берді. Канн фестивалі дәстүрлі киноның орталығы болса, біз Астананың AI-киноның әлемдік елордасына айналғанын қалаймыз, – дейді Айзат Кусейнов.
Фестиваль аясында арнайы таңдалған «Өмір сүргің келетін болашақ» тақырыптық номинациясының да өзіндік философиялық мәні бар.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, Голливуд фильмдерінде болашақ көбіне пессимистік, апатты кейіпте бейнеленеді. Ал бұл конкурстың мақсаты – авторларды позитивті, жарқын әрі жайлы болашақ туралы туындылар жасауға ынталандыру.
Сондай-ақ фестивальге ұсынылған қысқаметражды фильмдердің ұзақтығы 5 пен 20 минут аралығын қамтиды. Айзат Кусейнов бұл саладағы технологиялық шығындарға да тоқталып өтті. Бір AI фильмді жасап шығу бүгінгі күні 3 000-нан 5 000 долларға дейінгі қаражатты талап етеді. Соған қарамастан қатысушылар қазақстандық Higgsfield сияқты озық генеративті жүйелерді тиімді қолданған.
Еске сала кетейік, Астанадағы фестивальге 125 елден 8 000-нан астам өтінім түсті. Халықаралық қазылар алқасы 25 финалисті таңдап алды. Байқаудың жалпы қоры – 2 миллион доллар.
3 қазан күні фестиваль жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталады, ал 4 қазаннан бастап барлық финалистердің туындылары онлайн платформада әлем көрермендеріне ұсынылады.
Айта кетейік, бұған дейін, Astana AI Film Festival тең құрылтайшысы әрі кеңес төрағасы Алмас Жали AI фильмді дәстүрлі кинодан ажырату қиын болатынын айтқан еді.