AI-Sana: қазақстандық студент ауыл шаруашылығы ресурстарын тиімді пайдалануға арналған ЖИ шешімін ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті Нұрдәулет Дүзенов ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға және ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған AgriX интеллектуалды платформасын әзірледі, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Жоба жасанды интеллект көмегімен егістік алқаптары туралы деректерді, соның ішінде топырақ құрамын, ауа райы жағдайын, ылғал деңгейін, дақылдардың даму кезеңдерін және спутниктік ақпаратты талдауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер негізінде платформа ауыл шаруашылығы өндірушілеріне суару, тыңайтқыш енгізу және егістік алқаптарын күтіп-баптау бойынша нақты ұсынымдар ұсынады.
Платформаның алғашқы прототипі Қызылорда облысындағы жүгері алқабында сынақтан өткізілді. Жүйе өнімділікті гектарына 9,8 тонна деңгейінде алдын ала болжаған. Пилоттық сынақ нәтижесінде өнімділік гектарына 6-7 тоннадан 10,2 тоннаға дейін артқан.
AgriX жобасының ғылыми ерекшелігі – жасанды интеллект технологияларын ғылыми негізделген агрономиялық әдістемелермен ұштастыруында. Өнімділікті болжау үшін XGBoost машиналық оқыту алгоритмі, ал дақылдардың суға қажеттілігін есептеу үшін FAO-56 әдістемесі қолданылады. Қазіргі уақытта платформа 62 ауыл шаруашылығы дақылы бойынша мәліметтерді қамтиды.
Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығында деректерге негізделген шешімдер қабылдау мүмкіндігін кеңейту. Платформаны қолдану су мен тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығындарын азайтуға және өнімділікті арттыруға ықпал етеді.
-Қазіргі уақытта AgriX пилоттық сынақ кезеңінен өтіп жатыр. Алдағы уақытта алгоритмдердің дәлдігін арттыру, сынақ жүргізілетін алқаптардың ауқымын кеңейту, платформаны топырақ көрсеткіштерін нақты уақыт режимінде өлшейтін датчиктермен интеграциялау және оны коммерциялық мақсатта қолдануға енгізу жоспарланған,-делінген хабарламада.
Осыған дейін астаналық студенттің шіріген өнімді анықтайтын ауылшаруашылық дронын ойлап тапқаны туралы жаздық.