AIBA-ның әдеті сол, ережені ауыстыра береді - Ермаxан Ыбырайымов

"Шынына келгенде, AIBA Олимпиада өткен сайын үлкен дау-дамайдың арасында қалып отырады. Сосын әрбір Олимпиададан кейін міндетті түрде ережені ауыстыру туралы шешім қабылдайды. Оны әркім әрқалай түсініп жатады. Осы жолы ережеге тағы өзгеріс енгізді. Енді, аталған жүйе қаншалықты әділетті болатынын тек уақыт қана көрсетеді. Сондықтан дәл қазір бір нәрсе айту қиын", - деді Е.Ыбырайымов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Айта кетейік, жақында Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) ағымдағы жылы өтетін барлық жарыстарда боксшылардың ұпайларын жаңа ереже бойынша есептейтінін мәлімдеді. Енді ұпай санына жауап беретін судьялар комиссиясының жұмысын жалғыз комиссия төрағасы ғана атқаратын болады. Ол ұпайды санайтын электронды бағдарламаны тексеріп отырады. Рингтің жанындағы судьялар болса, шаршы алаңның төрт бұрышында отырады. Ал әрбір раундтың қорытындысы жекпе-жектің соңында ғана жарияланады. ҚазАқпарат тілшісіне сұxбат берген Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов те AIBA-ның ережені ауыстыруына қатысты өз пікірін білдірген болатын.