Аида Балаева «Қазақфильм» төңірегіндегі дауға қатысты пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында «Қазақфильм» мен «Қазақанимация» мекемелерінің төңірегіндегі дауға пікір білдірді.

- Әлеуметтік желіде Ерлан Төлеутай сияқты кино мамандары бастаған топ пен сіздің араңызда «Қазақфильм» және «Қазақанимация» мекемелерінің төңірегінде айтыс жүріп жатқанына біраз болды. Сол азаматтарды неге жеке қабылдауыңызға шақырып, уәждерін тыңдап көрмейсіз ? «Қазақфильмнің» қазіргі басшысы қазақ тілін білмейді деген сынға қалып отыр. Басшылықты ауыстыру жоспарда бар ма, - деп сұрады БАҚ өкілі.
Аида Балаева «Қазақфильм» сияқты мекеменің басшысына ең бірінші кезекте қандай талаптар қойылатынын айтты.
- Ең бірінші менеджер басқару керек. Ол жерде, нақты «Қазақфильмге қатысты айтып отырмын, режиссер де, актер де болмау керек. Нақты менеджер болу керек. Дүрбелеңге салып жүрген бірнеше адам кезінде сол «Қазақфильмде» жұмыс істеген. Бірақ «Қазақфильмнің» оңтайлы дамуына әсер ететіндей жұмыс істемеген. Қазір олар жоқ жерден дау шығарып жүр. Мен Азамат Сатыбалды кеткеннен кейін «Қазақфильмнің» менеджментін өз бақылауыма алып, жұмысына күнделікті назар аударып отырамын. Соның нәтижесінде бүгін біз ол мекеменің қаржылық көрсеткішін оң нәтижеге жеткіздік. Демек, табыс түсе бастады. Ал табыс түскені дамуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Сондықтан бұл жерде нәтижелі жұмыс істеп жүрген адамға «орыс тілін білмейсің», «қазақ тілін білмейсің» деп тиісе беру дұрыс емес деп ойлаймын. Менің ойымша, олардың «Қазақфильм» молаға айналды» деген сөздері ешқандай шындыққа сай келмейді. Бәріңізді «Қазақфилмьнің» жұмысымен танысуға шақырамын, - деді Аида Балаева.
Ведомство басшысы «Қазақфильм» басшылығына сын айтып жүрген кино мамандарын дау қумай, жұмыс істеуге шақырды.
- Ал ол азаматтарды жеке қабылдау мәселесіне келсек, бұл бітпейтін дау ғой. Олардың өз ақиқаты бар, біздің өз ақиқатымыз бар. Сондықтан, менің ойымша, кешке дейін дау-дамайдың басында жүрмей, нәтижелі жұмыс көрсетуіміз керек. Ондай нәтиже бүгінде бар. Оны мен мақтанып айта аламын, - деді министр.
Бұған дейін министр Аида Балаева «Қазақфильм» жерінің айналасындағы даулы мәлімдемелерді теріске шығарған еді.