Аида Балаева: Шешімдердің басым бөлігі жас буынның өмір сапасын арттыруға арналды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жолдаудың мақсаты - табысты мемлекет құру жолын жалғастыру. Мұндай пікірді ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева өзінің Facebook парақшасында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аида Балаева: Шешімдердің басым бөлігі жас буынның өмір сапасын арттыруға арналды

«Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауы қоғамның барлық әлеуметтік-экономикалық маңызды салаларын қамтыды. Оларды тиімді реформалау - Жаңа Қазақстан табысты құрудың бірден-бір кепілі. Реформалардың негізгі мазмұны - бірінші кезекте өскелең ұрпақтың мүддесі, адами ресурстарды дамыту, мемлекеттің әлеуметтік құрамды бөлігін күшейту тақырыптарын қозғады. Яғни, мықты әрі белсенді және бәсекеге қабілетті қоғам құру арқылы - табысты мемлекет құру жолын жалғастыру», - деп жазды ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары.

Аида Балаева Жолдауда көтерілген мәселелердің көбі жастардың өмір сүру сапасын арттыруға арналғанын атап өтті.

«Жарияланған шешімдердің басым бөлігі жас буынның өмір сүру сапасын арттыруға арналды. Атап айтқанда, декреттік төлем мерзімін ұзарту, Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігін балалардың есеп-шотына аудару, білім алу үшін жеңілдетілген несие беру және басқалар. Президент назарынан синтетикалық есірткімен күрес пен отбасылық-тұрмыстық әлімжеттілік жасайтындарға жазаны күшейту мәселелері де тыс қалған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Жолдауда айтылған реформалар - еліміздің табысты болашағын айқындайтын нақты іс-әрекет жасаудың айқын нұсқаулығы әрі тікелей тапсырмалардың жиынтығы десе болады», - деп түйіндеді Аида Балаева.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов Жолдауда қамтылған бағыттар елдегі саяси тұрақтылықты сақтауға кепіл болатынын айтқан болатын.