Аида Балаева терроризм мен жасанды интеллектіден туындайтын қауіп-қатерлерге назар аударды

АСТАНА. KAZINFORM – Мәскеуде ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының XIV кездесуі өтті. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева бастап барды, деп хабарлады Ақорда.

Аида Балаева
Фото: Ақорда

Отырыста халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, Достастық аясындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері қаралды.

Аида Балаева терроризм мен экстремизмге, киберқауіпке және халықаралық есірткі бизнесіне қарсы күрес, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу секілді бірқатар басым бағытқа тоқталды.

Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қауіп-қатер күшейген кезеңде аталған бағыттарда бірлесе жұмыс істеудің маңызын атап өтті.

Сергей Шойгу
Фото: Ақорда

Террористік және өзге де заңсыз әрекеттерге жасанды интеллектіні пайдалану қаупіне, сондай-ақ аса маңызды инфрақұрылымды қорғау мен есірткі бизнесінің цифрлық арналарына тосқауыл қою мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Террористік қатерлердің жаңа түрлеріне және есірткі бизнесімен айналысатын трансұлттық қылмыстық топтарға қарсы күресте бірлескен іс-қимылды нығайту жөнінде бірқатар нақты ұсыныс айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Климаттық және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болжау жөніндегі өңірлік орталық құру туралы бастамасының маңызы атап өтілді.

церемония возложения венка и цветов к Вечному огню у Могилы Неизвестного солдата в Москве
Фото: Ақорда

 

Іс-шара аясында Аида Балаева Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Сергей Шойгумен және Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік хатшысы Александр Вольфовичпен келіссөз жүргізді. Тараптар өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, аймақтағы сын-қатерлер мен қауіптерді, сондай-ақ бірлесе әрекет ету іс-шараларын талқылады.

Сонымен қатар ТМД-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері өкілдері Мәскеудегі Белгісіз жауынгер бейіті жанындағы Мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік кеңестері аппараттарының сегізінші консультациялық кездесуі өткен болатын. Онда терроризм, экстремизм, киберқылмыс және жасанды интеллектіні пайдалануға байланысты жаңа қауіп-қатерлер талқыланды.