АИИБ Президенті: Банк 2017 жылдың басында жаңа мүшелерді қабылдайды

Аталған банктің алғашқы жыл сайынғы кездесуінің ашылу салтанатында банк президенті Цзинь Лицюнь Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі 2017 жылдың басында өз қатарына жаңа мүшелерді қабылдайтыны жайлы хабарлады.
«Мен болашақта АИИБ құрамына мүше болу үшін өтініш білдіре алатын елдердің өкілдерін шын жүректен қошеметтеймін. Банк АИИБ құрамына кіргісі келетіндердің өтініштерін күтуде... Біз жаңа мүшелерді 2017 жылдың бас кезінен бастап қабылдаймыз», - деді Цзинь Лицюнь.
Оның айтуынша, АИИБ құрамына кіру үшін берілетін өтініштердің дедлайны - 2016 жылдың қыркүйек айы.
Азия инфрақұрылымдық инвестиция банкі (Asian Infrastructure Investment Bank) құрамына 57 ел кіреді. 2015 жылдың 29 мамырында банкті ашу туралы келісімге қол қойылған болатын. Банк инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін құрылған. Оның жарғылық капиталы 100 миллиард долларды құрайды. Банк директорлар кеңесінің негізгі дауыстары Қытай, Үндістан және Ресей сияқты елдерге тиесілі.