Air Astana Airbus ұшақтарындағы ақау туралы ресми мәлімдеме жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Airbus A320neo ұшақтарына орнатылған америкалық Pratt & Whitney қозғалтқыштарының ақауы туралы хабарламаларға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Air Astana Airbus ұшақтарындағы ақау туралы ресми мәлімдеме жасады

«Airbus және Pratt & Whitney шектеулі көлемде жеткізілген Pratt & Whitney GTF қозғалтқыштарынан табылған жоғары қысымды компрессордың артқы тіреуімен байланысты оқиғаны тексеріп жатыр. Мұның операциялық қызметке қандай да бір ықпалын азайту мақсатында Air Astana қазіргі жағдай бойынша Airbus және Pratt & Whitney-мен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Airbus пен Pratt & Whitney компанияға толық қолдау көрсетуде», - делінген отандық әуе компаниясының баспасөз хабарламасында.

Бұған дейін шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша,  Airbus концерні Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігіне қолданыстағы A320neo ұшақтарына орнатылған 113 P&W қозғалтқышының 30%-ында ақау бар екенін хабарлаған. Сол себепті өндіруші клиенттерге жаңа ұшақтарды жеткізуді тоқтата тұруға мәжбүр болған. Airbus мәлімдеуінше, қазіргі уақытта ұшақтың бұл моделін әлем бойынша 18 әуе компаниясы қолданады. Осы аптада Airbus A320neo ұшақтарын шығарудың 2018 жылға арналған жоспарын жариялауы тиіс болатын. Өткен жылы қозғалтқыштарды жеткізудегі іркілістерден A320neo шығару көлемі болжанған межеден аз болған.

2016 жылдың қараша айында Air Astana компаниясының паркіне алғашқы Airbus А320neo әуе лайнері жеткізілді. 2015 жылы Air Astana 2016-2019 жылдары Airbus А320neo 11 ұшағын лизингке алу бойынша келісімшартқа қол қойды.