Air Astana акциясын сатып алу зейнетақы қорына шығын әкелген жоқ — Тимур Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемеге арналған кезекті брифингіде БЖЗҚ ақшасына Air Astana акциясын сатып алу операциясының салдары жөнінде пікір білдірді.
Брифинг барысында БАҚ өкілі БЖЗҚ акцияларын сатып алған Air Astana-ның қор биржасындағы құны төмендеп кеткенін атап, мұның салдары қандай болатынын сұрады.
«БЖЗҚ Air Astana-ның ІРО-сына 20 млрд теңгеден сәл көбірек қаражат жұмсады. Қазір ол акциялардың құны сатылымға шыққан кездегіден арзандап кетті. Мұндай жайт кез келген акцияның басында болады. Оның шарттары сантүрлі. Дәл қазір акция бағасы төмен болып тұр. Дегенмен БЖЗҚ алып-сатумен ғана айналысатын инвестор емес. Біз арзанға жылдам сатып алып, қымбатқа сатып жіберу үшін кірмейміз. Біздің инвестициялық стратегиямыз ондай емес. Біздің қор үлкен болғандықтан ұзақ мерзімге инвестиция жасаймыз. Біздің бағалауымыз бойынша да, Қазақстандағы жетекші инвестициялық ұйымдардың да бағалауы бойынша Air Astana-ның өсу әлеуеті бар. Біз әлі де Air Astana-ға сеніп отырмыз. Бізде шығын тіркелген жоқ. Өйткені шығынды тіркеу үшін есептік күн белгіленіп, теңгерім жүргізілуі керек. Біз ол жерде өсім мүмкіндігі зор деп есептейміз. Жалпы БЖЗҚ портфелінде түрлі акциялар бар. Бірақ соның ішінде осы жолғы акциялар ғана қызу талқыланып жатыр», — деді ол.
Тимур Сүлейменов Air Astana акцияларының құбылуы БЖЗҚ-ның жалпы табыстылығына айтарлықтай әсер ете алмайтынын атап өтті.
«БЖЗҚ шынайы мәнде 11% табыстылық көрсетіп отыр. Сондықтан жыл аяғында ешқандай шығын болмайды деп есептейміз. БЖЗҚ активі 18,8 трлн теңге екенін еске саламын. Ал Air Astana-ға 20 млрд теңгеден сәл артық ақша салынды. Бұл 0,1%-дан да аз. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Жыл қорытындысы бойынша БЖЗҚ-ның табысы жақсы болады», — деді Ұлттық банк басшысы.