Air Astana Алматы-Астана бағытындағы рейстің неге 9 сағатқа кешіккенін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметі Алматы-Астана бағытындағы рейсті неге 9 сағатқа кешіктіргенін түсіндірді.

Еске салсақ, аталмыш рейстің кешігуіне байланысты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіге видео жариялап, рейске жауапты Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостердің жолаушылар алдына әрең шыққанын хабарлаған.
Осыдан кейін компанияның баспасөз қызметі ұшақтан ақау шыққандықтан жолаушылар қолайсыздыққа тап болғанын айтып, ресми хабарлама таратты.

«10 тамызда сағат 07.15-те жоспарланған Астана-Алматы бағыты бойынша KC622 рейсі қозғалтқыш қалақтарының зақымдалуына байланысты кейінге қалдырылды. Рейс сол күні сағат 16:20-да FlyArystan ұшағымен ұшады деп жоспарланған. Жолаушылар қонақүйге орналастырылып, тамақпен қамтамасыз етілді. Бұрын хабарланғандай, Астанада бұршақ жауып, әуе компаниясының төрт ұшағы бұзылып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әуекомпаниясы рейстің кешігуіне өкінеді және қолайсыздықты азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр», - деп жазылған компанияның мәліметінде.
Депутат Бақытжан Базарбек тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасына әуежайлардың қызметін реттейтін мемлекеттік органдардың айыппұл салу бағытындағы өкілетін арттыратындай өзгерістер енгіземіз деп отыр.

«Заңның ондай талаптарын Назарбаев дәуірінде олигархтардың пайдасына өзгертіп жіберген. Сол нормаларды қайта қарап, айыппұл салу тетіктерін жетілдіреміз. Одан кейін прокуратура органымен бірлесіп әуе компанияларының, соның ішінде дәл осы Air Astana-ның жұмысын тексереміз», - дейді депутат.


