Air Astana өзіне салынған 6,7 млрд теңге айыппұлға қатысты: Ақпарат шындыққа жанаспайды
«Air Astana нарықтағы үстемділікті теріс пайдалану және бағаны негізсіз көтеру салдарынан авиакомпанияға айыппұл салынды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.
Air Astana әуекомпаниясы құрылған күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызмет етіп келеді. Монополиялық жоғары бағаларды белгілеу тұрғысында авиакомпанияда жүргізілген тексерулер мен тергеулер әуе тасымалдаушының жұмысында ешқандай бұзушылық анықтаған жоқ. Жанар-жағармайға алым алу «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңының 76-бабында қарастырылған және ол Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының құбылмалылығымен негізделген.
Қазіргі уақытта әкімшілік іс сот қарауында жатыр. Сәйкесінше, заңнаманың бұзылғаны және авкиакомпанияның айыппұл төлегені туралы алдын ала қорытынды жасау сотқа қысым жасау ретінде бағалануы ықтимал.
Авиакомпания өзінің бюджеттік бөлімшесін дербес заңды тұлға ретінде бөліп шығаруы мәселесіне келсек, Air Astana мұның 2024 жылға дейін мүмкін болмайтынын растайды», - делінген компания мәлімдемесінде.
Еске салайық, кеше Сенатта әуе көлігі мәселелеріне қатысты жиын өтіп, оның барысында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Бас прокуратура бірлесіп Air Astana компаниясына жүргізген тексеру нәтижесі жарияланды.
«Біріншіден, әуе тасымалы саласында динамикалық баға белгілеуді қолдану бағытын реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуді қамтамасыз ету ескерілген. Сонымен қатар, монополияға қарсы заңнама талаптарын бұзу дерегі бойынша Air Astana әуе компаниясына қатысты әкімшілік хаттама толтыру қарастырылды. 2022 жылдың 12 желтоқсанында Air Astana компаниясына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 2021 жылы айыппұл сомасы 4,8 млрд теңгені, 2022 жылға 1,9 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде осы бойынша сот процесі жүріп жатыр», - деген еді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Көлік және байланыс департаментінің директоры Нүргүл Жаманова.