Air Astana ұшағы Алматыдан Ақтөбеге ұшпай қалды

әуежай
Фото: Асылан Тілегеннің Facebook парақшасынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін Air Astana ұшағы Алматыдан Ақтөбеге ұшпай қалды.

Алматылық ақын Асылан Тілегеннің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, ала таңнан әуежайға барғанымен, ұшақ ұшпай қалған.

«Ақтөбеге, жазушы Тобық Жармағамбетовтың 90 жылдық тойына жетуім керек еді. Air Astana әуелі 1 сағат, одан кейін 4 сағатқа кешігеді деп хабарлады. Ақыры соңында 25 сағаттан кейін, яғни ертең ұшамыз деп, төбеден тоңқ еткізді. Негізі, КС-863 рейсі бойынша ұшақ Алматыдан сағат 09.20-да аттанып, Ақтөбеге 13.10-да қонуы керек еді. Бізге ауа райына, Ақтөбедегі тұманға байланысты деді. Қаншама адам жолынан қалды», - деді Асылан Тілеген.

Осыған байланысты аталмыш әуе компаниясы ресми жауап берді.

«Әуе компаниясы рейстердің уақытылы ұшуы үшін бар күш-жігерін салады, дегенмен кестеге сай жүру әрдайым қолдан келе бермейді. Кей кезде рейс әуе компаниясындағы жағдайларға байланысты (мысалы, техникалық қызмет көрсету, экипаждың жұмыс уақыты), ал кейде ауа райы, әуежай жұмысы, қауіпсіздік, алдыңғы рейстің кешігуі сияқты әуе компаниясына тәуелді емес себептермен кешігеді. Жолаушылар мен экипаждың өміріне қауіп төнсе, біз ешқашан тәуекелге бармаймыз. Ондай жағдайда рейсті кешіктіріп, ұшақ толық жұмыс істейтіне көз жеткізбей ұшырмаймыз. Жолаушылар қауіпсіздігі - біздің басты басымдығымыз», - делінген онда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласынан Мысырға қатынайтын рейстер саны артатынын жазған болатынбыз.

 

 

Соңғы жаңалықтар
telegram