«Air Astana» ұшақ бортында қаза тапқан жолаушының мүрдесін Алматыға жеткізуді қамтамасыз етеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Air Astana» әуе компаниясы қаза тапқан жолаушының мүрдесін тасымалдау бойынша шығынды өз мойнына алады, деп хабарлады компанияның қоғаммен байланыс департаментінің баспасөз қызметінен.
Әуе компаниясынан хабарлағандай, 122 жолаушысы бар Франкфурт-Астана бағытындағы Боинг-767 ұшағы кестеге сай 4 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша сағат 19.55-те ұшқан. Алайда бір жолаушының жағдайы нашарлап, Самара әуежайына сағат 02.10 қонуға мәжбүр болды. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның өмірін құтқара алмады. Бағытын жалғастыру үшін ұшақ Самара қаласынан жергілікті уақыт бойынша сағат 05.10-да ұшып шығып, Астанаға сағат 09.10-да келіп қонған.
«Әуе тасымалдаушысы қаза тапқан жанның туыстарын Самарадағы қонақүйге жайғастырып, олардың жуырдағы рейспен Самарадан Алматыға ұшуын және қаза тапқан жолаушының денесін Алматыға тегін тасымалдауды ұйымдастырды», делінген хабарламада. Samara.kp басылымы хабарлағандай, қаза тапқан жолаушы - Германияның азаматы бұрын Қазақстан азаматы болған. Ол өз туыстарымен Астанаға ұшып бара жатқан.