Aitu мен eGov-қа тегін қолжетімділік заңмен бекітілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға қатысты заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы бойынша Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Руслан Қожасбаев баяндама жасады.
Оның айтуынша, құжат байланыс инфрақұрылымын жетілдіруге, телекоммуникация саласына жаңа технологияларды енгізуге және халыққа байланыс қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасында ауылдық және шалғай елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен және сапалы ұялы байланыспен қамту көзделген. Сонымен бірге телефон алаяқтығын анықтау және оның алдын алу бағытындағы ақпараттық-талдамалық жұмысты күшейту шаралары қарастырылған.
— Заң жобасын талқылау барысында депутаттар әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар Aitu, eGov, eGov Business және eOtinish қосымшаларына тәулік бойы тегін қолжетімділік беру жөнінде түзетулер енгізді, — деді Руслан Қожасбаев.
Сондай-ақ құжатта телемедицина, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, smart city және ауыл шаруашылығы секілді салаларда қолданылатын Заттар интернеті желілерін заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесі қамтылған.
Бұдан бөлек, байланыс нысандарын салу үшін жер телімдерін бөлу рәсімін жеңілдету және ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу жүйесін жетілдіру ұсынылған.
— Ұялы байланыс құрылғыларын верификациялау қызметін мемлекеттік монополияға беру тұтынушыларға құрылғы сапасына кепілдік жасап, нарықтағы ашықтықты арттыруға әрі телефон ұрлығының азаюына ықпал етеді. Бұл норма 2027 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді, — деді депутат.
Сонымен қатар байланыс операторларына жыл сайынғы қаржылық есептілігін ресми интернет-ресурстарында жариялау міндеті жүктеледі.
Айта кетейік, бұған дейін 2027 жылға қарай Қазақстанның ірі қалаларында 5G желісінің қамтылу деңгейі 75%-ға жететіні хабарланған еді.