АИТВ-ға шалдыққандарды тегін емдеу көлемі екі есеге артады
АСТАНА. ҚазАқпарат - "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Нұржан Әлібаевтың сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы ЮНИСЕФ-пен арадағы келісімнің негізінде бір миллиард теңгеге 11 емдеу препараты сатып алынды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Бұған дейін аталған дәрілерді сатып алуға 4 млрд. теңгеден астам ақша қажет болған. Ал ЮНИСЕФ арқылы біз ем-домды тиімді бағамен алып, АИТВ-ға шалдыққан азаматтарды емдеу көлемін 6 мың адамнан 13 мыңға дейін жеткізе аламыз. Мәселен, былтыр науқастардың 42 пайызы тегін дәрі-дәрмекпен қамтылса, ендігі жылы ол көрсеткіш 80-85 пайызға артады деп нық сеніммен айта аламыз" , - дейді Н.Әлібаев.
Айта кетейік, бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиxатында компания басшысы келесі жылға арналған дәрі-дәрмектердің 95 пайызы сатып алынды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі жылдың дәрі-дәрмектерін алдын ала сатып алудың арқасында 11,7 млрд. теңге үнемделді.
"СК-Фармация" ЖШС негізгі мақсаты - тегін медициналық көмекке кіретін дәрі-дәрмектерді сатып алып, денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізу. Осылайша, бірыңғай оператор құрудың арқасында бюджет қаражаты үнемделіп отырады.