АИТВ-ны жұқтыру 30 жасқа дейінгі жастар арасында көбейіп келеді

АСТАНА. 28 ақпан. ҚазАқпарат - 2012 жылы Астанада Адам иммун тапшылығының вирусын (АИТВ) жұқтыру оқиғалары 30 жасқа дейінгі жастар арасында көп болды.

АИТВ-ны жұқтыру 30 жасқа дейінгі жастар арасында көбейіп келеді

Бұл туралы бүгін журналистерге арналған семинар-тренинг барысында айтылды.

Астана қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дәрігері Ерік Әбдрахмановтың айтуынша, 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін Астанада АИТВ-ны жұқтырудың 582 оқиғасы тіркелді. Өткен жыл ішінде жаңадан - 99, 2013 жылдың қаңтар айында 15 оқиға анықталды. Статистикаға сүйенсек, инфекцияны жұқтыру жағдайлары 30 жасқа дейінгі жастар арасында жиі кездесе бастады. Мәселен, жас ерекшеліктері бойынша алатын болсақ, 2012 жылы анықталған барлық оқиғалардың 47,5 пайызы (2011 ж. - 35 пайыз) - 20-29 жас аралығындағы, 35,4 пайызы (42,3) - 30-39 жас аралығындағы, 13,1 пайызы (13,4) - 40-49 жас, 2,0 пайызы (3,1) - 15-19 жас және 1,0 пайызы (3,1) - 50-59 жас аралығындағы адамдардың үлесінде.

Жұқпаға шалдыққандардың жартысынан көбін жыныстық қатынас серігін жиі ауыстыратындар, жыныстық қатынастар қызметін ұсынатындар, нашақорлар және бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырғандар құрайды. Дегенмен, АИТВ-ны жұқтыру оқиғалары тұрақты жұмыстары бар, әлеуметтік жағдайлары жақсы, жоғары білімді азаматтардың арасында да тіркелуде. Семинар-тренингтің мақсаты - бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, АИТВ/ЖИТС-ті алдын алу іс-шараларын қарқынды ете түсу, білімді, бірақ сонымен бір мезгілде, АИТВ/ЖИТС туралы аз білетін азаматтарға ақпараттарды ұсыну.

Тіркелген оқиғалар санының артуын ЖИТС Орталығының мамандары жұқпаны анықтауға және оның алдын алуға бағытталған қарқынды жұмыстармен байланыстырады. Орталық мамандары өткен жылы жалпы орта білім беру мектептерінде, арнайы білім беру мекемелерінде және жоғары оқу орындарында - 817, Астана қаласының аумағындағы бас бостандығынан айыру мекемелерінде 12 іс-шара ұйымдастырды. Сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар, моншалар, ойын-сауық мекемелері, сұлулық салондары, қонақ үй кешендері, дүкендер, шаштараздар мен мейрамханалар назардан тыс қалмады.

Тұрғындар өз денсаулығына бей-жай қарамайтынын ЖИТС орталығының - www.astana-aids.kz сайтына кірушілер санынан (айына 3200-5000 адам) және олардан келіп түсетін сұрақтардан көруге болады. Сауалдарды АИТВ-ны жұқтырғандардан және бұл вирустан өзін сақтағысы келетіндер қоюда. Сондай-ақ Орталықта қолдау көрсету қызметінің телефон желісі - (87172) 38 15 85 және сенім телефоны - (87172) 380702, 380464 жұмыс істейді.

Семинар-тренинг барысында журналистерге арнап пресс-тур ұйымдастырылды. Оның барысында ЖИТС орталығы жанында жұмыс істейтін Достық кабинетінің, Сенім бекетінің, Психо-әлеуметтік көмек көрсету және АИТВ-ға анонимді түрде тестіден өту кабинетінің, заманауи зертхананың қызметі таныстырылды.

Мәселен, Достық кабинетіне күніне 10-15 адам келеді. 2012 жылы оның көмегіне 1067 адам жүгініп, олардың барлығы ем алды.

Сондай-ақ Орталық дәрігері Қарлығаш Күзембаева АИТВ-ны жұқтырған және ЖИТС-ке шалдыққан азаматтардың, соның ішінде балалардың Қазақстан Республикасының Заңымен қамтамасыз етілген құқықтары; ВИЧ жұқпасын анықтау тексерісінен бас тартқан ҚР аумағында тұратын шет ел азаматтарына мемлекет қолданатын шаралар; ҚР аумағында дипломатиялық артықшылықтарды және иммунитетті пайдаланатын шет ел мемлекеттерінің дипломаттары мен өкілдерін ВИЧ жұқпасын анықтау тексерісінен өткізу тәртібі; АИТВ/ЖИТС туралы ақпарат беру барысында БАҚ өкілдерінің этиканы және адамгершілік қасиеттерді ұстану мәселелері және т. б. туралы айтып берді.