АИТВ жұқтырғандар да дені сау сәби сүймек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық ЖИТС-пен күрес және оның алдын алу орталығының мәліметі бойынша, 2016 жылдың басында Қазақстан бойынша АИТВ белгісі анықталған 17 726 адам тіркелсе, биылғы 5 айдың ішінде 1137 адам есепке алыныпты.
Оның 635 - ер адам, 502 - әйел. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2030 жылға қарай АИТВ-инфекциясын жоюды мақсат етуде, деп жазады «Айқын» басылымы.
Осы орайда Қазақстанда Орталық Азиядағы АИТВ (ВИЧ) бойынша «Флагман» атты USAID жобасы жүзеге асырылуда. Өңірлік жоба ЮНЭЙДС 90:90:90 стратегиясына сәйкес жүзеге асырылады. 90:90:90 дегеніміз не? Мәселен, 2020 жылға қарай АИТВ-мен ғұмыр кешіп жүрген барлық адамдардың 90 пайызы өздерінің АИТВ статусын білетін болады, АИТВ дертін жұқтырғаны туралы диагноз қойылған барлық адамдардың 90%-ы антиретровирустық терапиямен тұрақты түрде қамтылады, ал антиретровирустық терапиямен қамтылған адамдардың 90%-ы вирустық жүктемені кеміту бойынша бақылауға алынбақ. Яғни бұл өз кезегінде бүкіл дүниежүзінде АИТВ және ЖИТС дертімен өмір кешіп жүрген адамдардың өмірін сақтап қалуға бағытталған.
Бүкіләлемдік экономикалық форум-ның қорытындысы бойынша Қазақстан АИТВ инфекциясының таралуы төмен елдердің тобына кіреді. Негізінен, инфекцияны жұқтыратындардың дені, яғни 90 пайызы, репродуктивті және еңбекке қабілетті тұрғындардың категориясына жататын 15-49 жас аралығындағы топ болып есептеледі. АИТВ эпидемиясы 30 жыл бойы жалғасып келеді. Жыл сайын әлемде шамамен 2 миллион АИТВ-тың жаңа жағдайлары тіркеледі, 1 миллионнан астам адам АИТВ салдарынан көз жұмады.
Астана қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігерінің орынбасары Салтанат Мусинаның айтуынша, бүгінде елімізде АИТВ инфекциясының таралуына ықпал ететін топтар (инъекциялық есірткілерді тұтынушылар, бей-берекет жыныстық қатынастар, коммерциялық секс қызметін көрсетушілер) арасында АИТВ-инфекциясын дер кезінде анықтау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның (ДДСҰ) ұсыныстарына сәйкес, 2020 жылға қарай АИТВ-инфекциясын диагностикаланған жағдайлары 90 пайызға жетуі қажет. Өйткені АИТВ жұқтырған пациент ертерек медициналық бақылауға алынса, оның денсаулығы мен өмірін сақтап қалудың мүмкіндіктері жоғары. Сол үшін де Астана қаласының әкімдігі АИТВ-инфекциясын диагностикалаудың қаржысын ұлғайтты. 2015 жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарының шамамен
30 пайызы зерттеуден өтті. Қалада 1997 жылдан бастап тұрғындардың әртүрлі топтары үшін алдын алу іс-шараларының жалпы кешені жүргізіледі. Соның арқасында, тәуекел топтары арасында АИТВ инфекциясының анықталу жиілігі азайғандығы байқалады. АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ерекшеліктеріне байланысты, 25-40 жас арасындағы қарапайым халық арасында жыныстық жолмен жұқтыру жағдайлары жиі тіркелуде, - дейді Салтанат Мусина.
Алдын алу жұмыстарын жүргізу кезінде негізгі екпін ведомствоаралық ынтымақтастықтар және ҮЕҰ мен жастар орталықтары ресурстарын тартуға түскен екен. Себебі қауіпті сырқаттың алдын алу жастардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы, жастар АИТВ жұқтыру бойынша тәуекел тобына кіреді. АИТВ эпидемиясының даму тарихында «АИТВ - жастар ауруы» деген түсінік қалыптасқан.
- Жастардың жыныстық қатынастағы сауаттылықтарының аздығы, бей-берекет жыныстық қатынастарға баруы АИТВ-ты жұқтыруына алып келеді. АИТВ-тың жыныстық жолмен таралуының, АИТВ инфекциясын жұқтырған әйелдер санының өсуі олардан туған АИТВ жұқпасын жұқтырған балалардың көбеюіне әкеледі. Осыған байланысты АИТВ эпидемиясымен күресудің маңызды бағыттарының бірі - АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу. Сондықтан балалар арасындағы АИТВ-ның алдын алу үшін барлық әйелдер жүктілік кезінде АИТВ қарсы екі мәрте тестілеуден өтулері қажет. АИТВ-ға қарсы дер кезінде арнайы дәрілерді қабылдаған жағдайда инфекция жұқтыруды 40 пайыздан 2-5 пайызға дейін төмендетуге болады. Осының арқасында, АИТВ жұқтырған әйелдер жиі жүктілікті сақтап қалады және дені сау сәби туу мүмкіндіктеріне ие болады, - дейді маман Сәуле Мусина.