Ақ аюлар мұзды алаңның азаюы салдарынан теңіз құстарын аулауға көшті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Франц-Иосиф жері архипелагын мекендейтін, Қызыл кітапқа енген ақ аюлардың тіршілік кешуін мұзды алаң көлемінің азаюы кері әсерін тигізіп отыр.
Олар итбалықтарды аулау қиындығы туындағандықтан теңіз құстарына көшті. Бұл туралы "Русская Арктика" ұлттық саябағы директорының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Мария Гаврило мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, көктемгі-жазғы маусымда зерттеушілер сол маңайдан 130-дан астам аюды байқаған. Оның ішінде қонжықтар да бар. "Аңғарғанымыз аюлар теңіз құстарын аулауға көшкен", - деді Гаврило.
Ғалымдар мұны соңғы жылдары Арктикада жаз мезгілінде мұзды жабын аумағының азаюымен байланыстырып отыр. Өйткені негізгі азығын - итбалықтарды аюлар мұздан аулайды.