«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 356 елді мекеннің сумен жабдықтау жүйелері тексеріледі
АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметі Елбасының тапсырмасы бойынша сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту жөніндегі «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруда.
Бағдарлама 2020 жылға дейін арналған және ол республиканың елді мекендерінің барлығын ауыз сумен жабдықтауға бағытталып отыр, деп хабарлады pm.kz сайты.
«2017 жылға қарай еліміздің барлық қалаларының 90 пайызы сумен жабдықтаудың орталық жүйесімен қамтылады, 30 мыңнан астам коммуналдық желі қайта жаңартылады», - деп атап көрсетті Елбасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясының XIV съезінде сөйлеген сөзінде.
«Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында қолданыстағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту және жаңа нысандар салу, су шаруашылығы секторына жекеменшік капитал тарту қарастырылған.
Құрылыс және ТКШ істері жөніндегі агенттіктің ақпараты бойынша, 2012 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасының аясында жалпы сомасы 43,2 млрд. теңгеге - қалалық жерлерде сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің 104 жобасын, 33,9 млрд. теңге сомаға - ауылдық жерлердегі сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің 235 жобасы жоспарланып отыр.
Тағы бір айта кететін мәселе, Қазақстан тұщы судың мол жерасты қорына ие, сондықтан да ағымдағы 2012 жылы 28 шағын қаладағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін зерттеуге 350 млн. теңге жұмсау, 356 елді мекендегі сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін техникалық тексеруге 500 млн. теңге жұмсау жоспарланып отыр.
«Ақ бұлақ» бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында жаңа жүйелі әдіс қолға алынған. Яғни, оған сәйкес жаңа ресурс үнемдеуші және энергетикалық тиімді технологиялардың енгізілу барысы ескеріле отырып қана тексерулер жүргізіледі, инвестициялық негіздемелер әзірленеді. 55 қаладағы су жүйелеріне салынатын инвестицияларды негіздеу құжаттары осы әдістің негізінде жасалатын болады және жұмыстар 2013 жылы аяқталады.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы ауыз суға деген орталықтандырылған жүйені кеңейтуге, ауылдардың 80 пайызын, шағын қалалардың 100 пайызын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.