Ақ кит суға батқан адамды құтқарды
АСТАНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат -Қытайдың солтүстігіндегі Polar Land зообағында өтіп жатқан жарыс кезінде ақ кит суға сүңгуші спортшыны құтқарды, деп жазады The Telegraph басылымы.
Жарысқа қатысушы Янг Юнның айтуынша, ол суға бата бастаған, кенеттен пайда болған Мила есімді ақ кит оны бассейннің жағасына итеріп шығарып жіберген.
Янг Юн ханым ол күні мұздай сулы бассейнде фридайвинг бойынша жарысқа қатысқан. Қатысушылар тереңдігі 6 метрге жететін аквариумның табанына сүңгіп, сол жерде мүмкіндігінше ұзағырақ қалуы керек болған.
26 жастағы Юн судың бетіне көтерілмек болған кезде, аяғының сіңірі тартылып қалғанын сезеді.
«Менің тынысым тарылып, тұншыға бастадым, «өлген жерім осы» деп ойлап та үлгердім. Кенеттен мені судың бетіне қарай лақтырған орасан күшті сездім», дейді Янг Юн. «Біз не істеп, не қоятынымызды ойлап үлгерген жоқпыз, Мила тез көмек беріп үлгерді», дейді жарысты ұйымдастырушы.