Ақ үй коронавирус індетінің «шынайы шығу тегі» туралы веб-парақша ашты

АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп әкімшілігі Ақ үй сайтында коронавирус індетінің шынайы шығу тегіне арналған арнайы веб-парақша ашты. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Ақ үйге сілтеме жасап хабарлады.

Ақ үй коронавирус індетінің «шынайы шығу тегі» туралы веб-парақша ашты
Фото: whitehouse.gov

Ақ үй вирус жасанды жолмен жасалған болуы мүмкін деген тұжырымды негіздейтін келесі деректерді келтіреді:

  • Вирустың табиғатта кездеспейтін биологиялық қасиеттері бар.

  • Деректерге сәйкес, COVID-19-дың барлық жағдайлары бір реттік жұғудан басталған. Бұл бұрынғы пандемияларға тән бірнеше көзден таралуға қайшы келеді.

Уханьдағы зертхана және алғашқы жұқтырғандар

  • Ухань — Қытайдың атипиялық пневмонияны зерттейтін жетекші зертханасы орналасқан қала. Бұл зертханада генетикалық модификациялар мен ағзаны күшейтуге бағытталған зерттеулер биологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтамай жүргізілген.

  • 2019 жылдың күзіне қарай, Ухань вирусология институтының кейбір қызметкерлері COVID-ке ұқсас белгілермен ауырған. Бұл жағдай вирустың ресми түрде базардан табылған уақытынан бірнеше ай бұрын болған.

  • Егер вирус табиғи жолмен пайда болған болса, соған дәлел болатын деректер әлдеқашан табылар еді. Бірақ ондай дәлелдер әлі күнге дейін жоқ.

Зертханалық індет нұсқасы

Веб-сайтта COVID-19-дың таралуына ең ықтимал себеп — зертханалық апат деген тұжырым жасалады. Сонымен қатар, қауіпті зерттеулерге мемлекеттік бақылау механизмдерінің әлсіздігі атап көрсетілген.

EcoHealth ұйымының әрекеттері

  • «EcoHealth Alliance» ұйымы, доктор Питер Дашактың жетекшілігімен, АҚШ салық төлеушілерінің қаржысын Уханьда қауіпті вирустарды күшейту бағытында зерттеулерге жұмсаған.

  • Конгресстің арнайы комитеті бұл ұйымның Ұлттық денсаулық сақтау институтының (NIH) грант талаптарын бұзғанын дәлелдеп, АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі «EcoHealth»-ке қаржыландыруды тоқтатып, тергеу бастады.

NIH пен жауапкершілік

  • NIH қауіпті зерттеулерді қаржыландыру мен бақылау рәсімдерінде кемшіліктер жіберіп, бұл АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірді.

  • Мекеме қызметкерлері федералдық есеп беру заңдарын айналып өтуге мүмкіндік жасаған.

COVID-19 пандемиясы кезіндегі қателіктер

  • АҚШ билігі мен ДДСҰ-ның әрекеттері сынға ұшырады. Ақ үй ДДСҰ-ны Қытай Коммунистік партиясының саяси ықпалына беріліп, халықаралық міндеттемелерін елемеді деп айыптады.

  • Әлеуметтік арақашықтық (1,8 м) шарасы ғылыми дәлелдерге емес, болжамға негізделгені анықталды.

  • Маска тағудың нақты пайдасы дәлелденбеген. Бұл — халықтың билікке деген сенімін азайтты.

  • Ұзақ карантин шаралары АҚШ экономикасына ғана емес, халықтың, әсіресе жастардың психикалық және физикалық денсаулығына үлкен зиян келтірді.

  • Үкімет балама емдеу әдістерін қаралаумен қатар, вирустың зертханадан таралу нұсқасын жоққа шығарды.

  • Байден әкімшілігі әлеуметтік желілермен бірігіп, COVID туралы кез келген балама пікірді цензуралады.

Конгресс баяндамасы

Веб-сайтта АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы дайындаған 557 беттен тұратын «COVID-19 пандемиясының салдары. Сабақтар және болашақ бағыт» атты есепке сілтеме берілген. Есепте EcoHealth ұйымының әрекеті, NIH жұмысы және вирустың шығу тегі қарастырылады.

Бұған дейін Конгресс комитеті 2 жылдық тергеуді аяқтап, вирустың Ухань зертханасынан таралуы мүмкін деген тұжырымға келген еді.

Соңында, АҚШ Ауруларды бақылау орталығының (CDC) бұрынғы директоры Роберт Редфилдтің мәліметіне сүйенсек, COVID-19 вирусы Қытайдағы емес, Солтүстік Каролина университетінің Чапел-Хилл қаласындағы зертханасында жасалған болуы мүмкін.

Десе де, бұған дейін америкалық Cell ғылыми журналында жарияланған мақалада  «коронавирустың таралу көзі Қытайдың Ухань қаласындағы теңіз өнімдері екенін дәлелдей алды» деп жазған болатын. COVID-19 індеті бастау алған жер ретінде Ухань қаласы аталған болатын.

Соңғы жаңалықтар