Ақ үй маңындағы қарулы шабуыл: күдіктінің кім екені белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Вашингтондағы Ақ үй маңында болған атыстан кейін қаза тапқан күдіктінің жеке бас дерегі анықталды. АҚШ құқық қорғау органдары оның психикалық денсаулығына қатысты мәселелері болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZINFORM агенттігінің тілшісі.
Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті — Мэриленд штатындағы Дандолк қаласының 21 жастағы тұрғыны Насир Бест. Ол сенбі күні кешке Ақ үйге жақын орналасқан Құпия қызметтің бақылау бекетіне келіп, полицейлерге оқ атқан.
Оқиға Вашингтонның солтүстік-батыс бөлігіндегі 17-көше мен Пенсильвания авенюі қиылысында болған. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше секунд ішінде ондаған оқ атылған.
Шабуылдан кейін Ақ үй аумағы уақытша жабылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Қарулы күзет ғимараттың кіреберісіне қойылған.
АҚШ Құпия қызметінің хабарлауынша, күдікті оқиға кезінде жараланып, ауруханаға жеткізілген. Кейін оның көз жұмғаны белгілі болды.
Тергеу барысында Насир Бестің бұған дейін де Ақ үй маңында бірнеше рет жүргені анықталған. Ол бақылау бекеттерінен ғимаратқа қалай кіруге болатынын сұрап жүрген көрінеді.
Сот құжаттарына сәйкес, күдікті бұған дейін заңсыз кіру әрекеті үшін ұсталған. Сол кезде ол өзін Иса пайғамбар деп таныстырып, қамауға алынғысы келетінін айтқан.
Сонымен қатар маусым айында ол Ақ үй аумағына кірмек болған көліктің жолын бөгегені үшін арнайы медициналық мекемеге жіберілген.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Тергеу жалғасады.
Оқиға кезінде Ақ үйде болған АҚШ президенті Дональд Трамп пен қауіпсіздік қызметкерлері зардап шекпеген.
Айта кетсек, бұған дейін АҚШ Құпия қызметі Ақ үйге оқ жаудырған адамды мерт қылғанын жазғанбыз.
Камила Тайтөлеу