Ақ үй Ресейдегі АҚШ елшісіне үміткерін айқындады
РБК-ның атап өтуінше, бұдан бірнеше ай бұрын Ақ үй Майкл Макфолды ауыстыратын адам іздегенде Теффтінің кандидатурасына шүбалана қарады - американдық биліктің пікірінше, Литва, Грузия және Украина сияқты елдерде (яғни, 2000-жылдардың ортасында Ресеймен қатынастарында белгілі бір проблемалары бар елдерде) жұмыс жасаған тәжірибесі бар елшіні тағайындау Кремльді шамдандыруы мүмкін. Алайда, ресей-американ қатынастары украин дағдарысына байланысты шиеленіскен кезде бұл пікірлер кейінге ысырылды.
Джон Теффт дипломатиялық салада қырық жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарып келеді. 1980 жылдардың соңында - 1990 жылдардың басында ол КСРО-мен қатынастармен (кейіннен - Ресеймен және ТМД-мен) айналысатын АҚШ-тың мемлекеттік департаментінде бөлім басқарды, стратегиялық шабуылдау қарулары-І шартын жасау жөніндегі келіссөздерге қатысты. 1996-1999 жылдары Теффт Ресейде АҚШ елшісінің орынбасары мәртебесінде жұмыс жасады. Бұдан кейін 10 жылдан астам уақыт бойы бұрынғы кеңестік елдерде қызмет атқарды - 2000-2003 жылдары Литвадағы дипломатиялық миссияны басқарды, 2005-2009 жылдары - Грузия елшісі болды, сол кездегі грузин президенті Михаил Саакашвили Теффтінің жұмысын ерекше бағалады. Саакашвилидың айтуынша, Тбилисидегі жұмыс жылдары кезінде Теффт «Грузия саяси және әлеуметтік, мәдени өмірінің бөлшегіне» айналды. Грузиядағы жұмыс жылдарында Теффт грузин оппозиционерлерінің әрекетін ашықтан-ашық сынады. Содан кейін, 2009 жылы Украинадағы арнайы елші болды (бұл лауазымды 2013 жылға дейін атқарды).
Еске сала кетейік, Ресейдегі АҚШ-тың бұрынғы елшісі Майкл Макфол 2013 жылдың ақпанында өзінің отставкаға кететінін жариялады. Ол өзінің бұл тілегін отбасының қасында көбірек болуы ниетімен түсіндірді.