Ақ үй Саудиямен қару-жарақ жеткізілімі туралы үлкен мәмілеге отырмақ
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат - Обаманың әкімшілігі сәрсенбі күні АҚШ Конгресін Сауд Арабстанымен қару жарақ жеткізілімінің америка тарихындағы ең үлкен мәмілесін жасау жоспары туралы ресми хабардар етті.
Мәміленің құны 60 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл туралы арнайы брифингте журналистерге Қорғаныс министрінің халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары Александр Вершбоу мен АҚШ мемлекеттік хатшысының әскери-саяси істер жөніндегі көмекшісі Эндрю Шапиро мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Ресми өкілдердің айтуынша, Саудияға 84 Ф-15 шабуылдаушы ұшақтары, 70 «Апач», 72 - «Блэк хок», 36 - «Литтл берд» тікұшақтары, сондай-ақ МД-530Ф жаттығу машиналары сатылмақ. Сондай-ақ американ тарабы Саудияның қазір қолданысындағы 70 Ф-15 ұшағын жаңартып бермек.
АҚШ үкіметінің көзқарасынша, бұл жоспарланып отырған мәміле «аймақтағы негізгі серіктеспен әскери байланыстарды тереңдету арқылы Парсы шығанағы аумағындағы қауіпсіздікті қолдауға» бағытталып отыр. Олардың айтуынша, жаңа келісімшарт «стратегиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие».