Ақ үй Wall Street Journal-ды Трамптың баспасөз пулынан алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM — Wall Street Journal АҚШ президенті Дональд Трамптың алдағы Шотландия сапарына арналған баспасөз пулынан шығарылды, деп хабарлайды CNN.

— Өзгеріс Wall Street Journal жариялаған жалған және ар-намысты қорлайтын мәлімдемелерге байланысты енгізілді. Президенттің Шотландияға сапарын көрсететін баспасөз пулына он үш түрлі БАҚ қатысады, — деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт басылымның Трамп пен Джеффри Эпштейн туралы жуырдағы мақаласына сілтеме жасап.
Дональд Трамптың Шотландияға сапары 25-29 шілдеге жоспарланған.
Осы жылдың басына дейін пулдарды (ақпарат тарататын БАҚ өкілдері тобы) бөлу ісімен Ақ үй тілшілерінің қауымдастығы (WHCA) айналысқан, бұл баспасөз мүдделерін қорғайтын тәуелсіз ұйым. Алайда ақпан айында Ақ үй әкімшілігі бұл процесті өз бақылауына алып, WHCA-ның мүмкіндігін шектеді.
— Ақ үйдің оқиға туралы ақпаратты таратуы ұнамайтын БАҚ-ты жазалаудың бұл әрекеті қатты алаңдатады және бірінші түзетуге қайшы келеді. Үкіметтің ақпарат агенттіктеріне олардың хабарының мазмұнына байланысты кек алуы сөз бостандығы мен тәуелсіз БАҚ-ты бағалайтын кез келген адамды алаңдатуы керек, — деді WHCA президенті Вэйцзя Цзян.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Wall Street Journal газетінің баспагері, медиамагнат Руперт Мердокқа және журналистерге Джеффри Эпштейнге арналған ашықхат туралы мақалаға байланысты жала жапқанын айтып, сотқа берді. Бірақ мәлімдемеде журналистер авторы Трамп деп отырған хат пен сурет жарияланбағандығы айтылған.