Ақ үйдің баспасөз хатшысы бес күннен кейін қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Кэти Захария Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалғаннан кейін бір аптадан аз уақыт ішінде жұмысынан кетті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы тілшісі The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Америкалық басылымның хабарлауынша, бұған оның алғашқы баспасөз мәслихаты және заңгерлік біліктілігіне қатысты сұрақтар себеп болған.
Баспасөз мәслихаты кезінде Захария тартыншақтап, үш сұрақтан кейін баспасөзбен кездесуді аяқтады. Кейінірек ол БАҚ-қа өзін адвокат ретінде көрсеткеніне қарамастан, адвокаттық емтиханнан құлағаны белгілі болды.
- Ашығын айтқанда, мен сіздің орныңызда болсам, қайта қарастырар едім. Кэти, сізге бұл керек пе? Мен сізге бұл қажет емес деп ойлаймын, - деді Дональд Трамп тілшілерге баспасөз хатшысымен болған әңгімесін айтып бере отырып.
Ол Захария өзінің командасында басқа лауазымда жұмыс істеуі мүмкін екенін атап өтті.
Президент оған бұл лауазымды өткен жұмада ұсынған. Ақ үй қызметкерлерінің көпшілігіне белгісіз Fox News комментаторының таңдалуы күтпеген жағдай болды. Дегенмен Захария президентпен жиі бірге жүретін көмекшісі Натали Харптың қолдауына ие болды.
The New York Times оның үш дереккөзі әлі ресми түрде жарияланбаған шешім туралы анонимдік шарттармен айтуға келіскенін атап өтті.
Кэти Захария қызметіне кіріскеннен кейін алғаш рет журналистер алдына шықққанын жазған болатынбыз. Ол АҚШ президенті Дональд Трампқа сенім білдіргені үшін алғыс айтып, оның командасында жұмыс істеуді бұрыннан армандағанын жеткізген еді.