"Ақ жауын" оркестрi Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің қонақтарына арнап концерт берді

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Кеше елордадағы Президенттік мәдениет орталығында Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің бірінші дәрежелі жеңімпазы «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің концерті өтті.

 "Ақ жауын" оркестрi Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің қонақтарына арнап концерт берді

ЕҚЫҰ Саммитіне қатысушы шетелдік делегаттарға арнап, Мәдениет министрлігінің мәдени бағдарламалары дайындалған. «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің концерті келген қонақтардың құрметіне ұсынылып отыр.

«Біздің бағдарлама Астана қонақтарына арнайы жасақталды. Барлық жағынан қамтып, әдейілеп қобыздан бастап, домбыраға дейінгі диапазонымызды көрсетейік дедік. Оның ішінде сазсырнай, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, қылқобыз, сымқобыз, домбыра аспаптары бар. Сонымен қатар Огинскийдің «Полонез» музыкасы ұлттық аспаптарда орындалды», - дейді Оркестрдің көркемдік жетекшісі - ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші-сазгер Секен Тұрысбек.

Концерт бағдарламасы бойынша, шетел қонақтары алдында жетіген, қылқобыз, шаңқобыз аспаптарында қазақ күйлерінің попурриі, Ықыластың, Динаның, Нұрғиса Тілендиевтің, Тәттімбеттің, Кетбұғаның, Құрманғазының таңдаулы күйлері, сонымен қатар сыбызғы күйі «Алыстағы арман», сазсырнайда Сейдолла Бәйтерековтің «Кішкентай» атты туындысы ойналды. Сахнада оркестрдің сүйемелдеуімен С. Тұрысбековтің «Қоңыр жел», «Қоңыр қаз» әндері республикалық конкурстың лауреаты Гүлмира Саринаның орындауында шырқалды.

Концерттің шырқау шегінде дәулескер күйші Секен Тұрысбеков сахнаға шығып, өзінің «Дарабоз», «Көңіл толқыны» шығармаларын орындап, аспаптарының қоңыр үніне елітіп отырған қауымды біржолата серпілтіп тастады.