Ақ Жайық тарихына байланысты жаңа кітап жарық көрді

Кітаптың таныстырылымында аудан әкімі Әділ Жоламанов бұл жинақтың өңір шежіресіне қосылған үлес екендігін, зерттеу жұмыстарының алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Аудандық «Жайық таңы» газетінің бас редакторы, ҚР ақпарат саласының үздігі Болат Есқалиевтің айтуынша, «Ілбішін», «Ілбішін уезі» атаулары ертедегі әкімшілік-аумақтық бөліністерден жақсы мәлім. 1939 жылға дейін аудан орталығы Ілбішін (кейін Чапаев) аталды. Аудан әкімі Ә.Жоламановтың «Тарихымызды түгендеу - перзенттік парыз» деген арнауымен ашылған басылым «Жайықтың ежелгі көшпенділері», «Түркілер, печенегтер, оғыздар», «Пугачев бүлігі», «ХІХ ғасыр», «ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығы», «1916 жыл», т.б., яғни 26 тараудан тұрады. Жайық бойын өз заманында терең зерттеген оқымысты-ғалымдардың еңбектері негізге алынумен бірге тәжірибесі бай өлкетанушы-журналист Бақтығали Қоспаевтың орталық мұрағаттарға дейін барып, көз майын түгескенін айту керек. Мысалы, азамат соғысы кезіндегі Бударин, Ілбішін ойрандары тың дерек-дәйектермен беріліп отыр. Бұрынғы кітаптарда жарияланған саяси қуғын-сүргін құрбандарының қаралы тізімінің толықтырылуы да халық зердесінің қалғымайтынына бір дәлел екені анық. Жинаққа сондай-ақ Чапаев ауылындағы №1 орта мектеп мұғалімі Айнат Әнесова да сүбелі еңбек сіңірген.
Бұдан бұрын аудан тарихына қатысты энциклопедиялық үлгідегі 7 жинақ жарық көрген. Іс мұнымен тоқталмай, 1997 жылы Чапаев пен Тайпақ аудандары қосылып, ірілендірілген өңірдің өткенін індете екшеп, зерттеу одан әрі жалғасқан-ды. Осының нәтижесінде 2014 жылы «Ақжайық ауданы» сериясымен Тайпақ атырабының шежіре-баяны тасқа басылған болатын.