Ақ Жайық жұртшылығы белгілі тарихшы-ғалымды еске алды

 ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі, Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» Бақтығұл Бірімжаровты еске алуға арналған «Тарихтың тереңінен маржан сүзген...» атты ғибратты кеш өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Ақ Жайық жұртшылығы белгілі тарихшы-ғалымды еске алды

 

Онда тарих ғылымдарының докторы, академик Тұяқбай Рысбеков Бақтығұл Бірімжаровпен ҚазМУ-дың тарих факультетінде қатарлас білім алып, содан кейін Орал педагогикалық институтында (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде) ұзақ жыл бірге қызмет еткенін айтып, оның ғалымдық келбетіне, өнерпаздығына және адамгершілік қырларына тоқталды.



«Жолдастары үшін барын бөліп беруге даяр үлкен жүректі, жаны жайсаң азамат еді. Ғалымдығына қоса домбыра шертетін өнері де бар-тын. Ол ғылыммен терең айналысып қана қоймай, көптеген шәкірт тәрбиелей білді. Солардың ішінде Альфия Байболсынова мен Есқайрат Хайдаров тарих ғылымдарының кандидаты атанып, ұстазының үмітін ақтады. Зайыбы Сәуленің ерте дүние салуы ғалымға оңай тиген жоқ. Өмірінің соңғы жылдары ауырып, көзі де көрмей қалды. Небәрі 62 жасында дүниеден өткен асыл азаматтың есімін біз ұмытпаймыз», деді Т.Рысбеков.



Сол секілді Бөкей ордасы ауданындағы М.Мәметова атындағы Сайқын орта мектебінде бірге оқыған Нұрлыбек Бірманов, ҚазМУ-да бір топта білім алған атыраулық тарихшы-ғалым Жеңісбек Мұстафин, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев, Бөкей ордасы аудандық мәслихатының хатшысы Ерболат Таңатов және басқалар жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.



1947 жылы 1 маусымда Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылында дүниеге келген Бақтығұл Қабдырұлы тірі болса, 70 жасқа толар еді. Осыдан жарты ғасыр бұрын, 1966-1967 жылдары Сайқын орта мектебінде мұғалім болып үлгерген Бақтығұл Бірімжаров 1972 жылдан институт пен университетте оқытушы ғана емес, тарих факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі сынды жауапты қызметтерді де абыроймен атқарды. 1997 жылы тура елу жасында докторлық диссертациясын қорғаған ғалым соңында жарқын із қалдырды.



«Бірегей тарихшы-ғалым Бақтығұл Бірімжаровтың есімін мәңгі есте қалдыру шараларын ойластырған абзал. Орал қаласы мен Бөкей ордасы ауданында көше мен мектепке атын берсе, артық емес. Сондай-ақ өзі еңбек еткен М.Өтемісов атындағы университетте дәрісхана ашу қажет», -деді еңбек ардагері, М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы Асқар Атаев.



Шара барысында ғалымның көзі тірісінде шығып үлгермеген «Бөкей ордасы» монографиясы мен «Перзент парызы» атты кітабының жаңартылған нұсқасының таныстырылымы болды. Әсел Бақтығұлқызы кешті ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, аталмыш кітаптың алғашқы даналарын Бөкей ордасы ауданы әкімдігі мен тарихи-музей кешеніне сыйға тартты.