«Ақ жол» демократиялық партиясының белсенділері Шымкентке барды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы Шымкент қаласында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақ жол» демократиялық партиясының белсенділері Шымкентке барды

Олар Шымкентте бірқатар шара өткізді. Азат Перуашев алдымен автошеруді ашып берді. Партия белсенділері көлікпен Шымкент әуежайынан Қасірет» мемориалына дейін жүріп өтті.

1935-1938 жылдары елімізде 135 мың қазақстандық қуғын-сүргін құрбаны болды. Олардың 25-мыңы атылды. Сталин лагерлеріне 5 млн адам жер аударылды. Олардың 7 мыңы ОҚО тұрғындары, 2,5 мың адам халық жауы деп атылды. Партия мүшелері «Қасірет» мемориалының жанында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қойды.

Үгіт-насихат тобы сондай-ақ «Скат» әуе компаниясы АҚ-ның ұжымымен кездесті. Бұл кәсіпорында «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасы туралы баяндалды.

Ал, бұл шарадан соң штаб мүшелері №53 С.Рақымов атындағы орта мектептің еңбек ұжымымен кездесті.

Сондай-ақ «Ақ жолдың» үгіт-насихат тобы «Қырғы базар» сауда орталығының жұмысшыларымен және «KARLSKRONA LC AB» компаниясының ұжымымен жүздесті.