«Ақ жол» Мәжіліс сайлауына түсуге ниет білдіріп отырған соңғы партия
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алдағы жылдың басында өткелі отырған кезектен тыс Мәжіліс сайлауына «Ақ жол» партиясы да қатысуға ниет білдірді.
Бүгін Орталық сайлау комиссиясына партия бекіткен үміткерлер тізімін партия төрағасы Азат Перуашев ұсынды.
Оның айтуынша, партия ОСК-ға тіркеу үшін 79 үміткерін ұсынған.
Ал партия өкілдерінің тізімін неге кештетіп өткізгенін сұраған журналистердің сауалына төраға партия тізіміндегі азаматтардың 70 пайызы кәсіпкер екендігін жеткізді. «Ал кәсіпкерлер үшін декларация тапсыру мәселесі оңай шаруа емес»,-деді А.Перуашев.
Оның айтуынша, «Ақ жол» партиясы сайлаушылардың 15-20 пайыз даусын жинауға ұмтылмақ. «Біздің партиямыздың тұғырнамасында ауқымды әлеуметтік мәселелер бар. Оның ішінде жұмыссыздық, халықты жұмыспен қамту, зейнетақымен, тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласын нығайту сияқты маңызды мәселелер бар. Тұғырнамамыздың үлкен бір бөлігі индустриялизацияландырумен байланысты. Экономиканы дамытып, кәсіпкерлерге қолайлы мүмкіндік жасау да басым бағыттарымыздың бірі»,-деді А.Перуашев журналистерге берген сұхбатында.
Осылайша Мәжіліс депутаттарының сайлауында бақ сынасуға бел буған партиялар саны 8-ге жетті. Олар «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы, Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы, «Ауыл» партиясы, «Патриоттар партиясы», «Әділет» партиясы, «Руханият» партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Еліміздің әділет органдарында ресми тіркелген партиялар саны - 10. Оның ішінде Қазақстанның коммунистік партиясы қызметінің сот шешіміне байланысты уақытша тоқтатылғандығын, ал «Азат» партиясының осы сайлауда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясымен күш біріктіріп отырғандығын ескерсек, «Ақ жол» Мәжіліс сайлауына түсуге ниет білдіріп отырған соңғы партия.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін түнгі 24-00-де Мәжіліс депутаттарының сайлауына саяси партиялар атынан тізімдерді ұсыну мерзімі аяқталады.