«Ақ жол» партиясы азаматтар мен бизнестің жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — «Ақ жол» партиясы азаматтар мен бизнестің жекеменшік құқығын қорғауды күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев айтты.

Азат Перуашев
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

- Кеше «Ақ жол» партиясы ұлттық кеңесінің пленумы өтіп, онда Қызылордада өткен V Құрылтайдың қорытындылары мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституция бойынша бастамаларын талқыладық. Осыған байланысты партия төрағасы ретінде конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелеріне «Ақ жол» демократиялық партиясы Мемлекет басшысы ұсынған Конституцияның тұжырымдамалық өзгерістерін қолдайтынын жеткізу тапсырылды. Нақты мәселелерге келсек, ұлттық бизнес пен өндірушілердің өкілі ретінде «Ақ жол» партиясы азаматтар мен кәсіпкерлердің заңды мүддесін қорғаудың конституциялық кепілдіктерін күшейтуге ерекше назар аударуды ұсынады, - деді ол.

Партия басшысы олардың банк операциялары мен салымдары құпиялығының бұзылу жағдайлары алаңдаушылық тудыратынын айтты.

- Біздің ойымызша, азаматтар мен бизнестің қаржылық жағдайына қатысты дербес деректердің жеткілікті деңгейде қорғалмай отырғаны байқалады. Қазіргідей жаппай цифрландыру мен деректердің таралап кету қауіпі жоғары кезеңде бұған жол бермеген жөн. Аталған мәселелер кәсіпкерлік кепілдіктері мен бостандықтарына қатысты конституциялық құқық нормаларын кешенді түрде қарастыруды айғақтайды. Мемлекет басшысының өткен жылдың 8 қыркүйегіндегі Жолдауында Бас прокуратураға бизнесті қолдауды күшейту және инвестицияларды қорғау жөніндегі арнайы комитет құру туралы тапсырмасы да кездейсоқ емес. Осыған байланысты «Ақ жол» партиясы азаматтар мен бизнестің жекеменшік құқығын қорғауға бағытталған конституциялық кепілдіктерді ұлғайтудың маңызды элементі ретінде банк құпиясын жеке және іскерлік келіссөздермен кез келген байланыс қүралдары, оның ішінде цифрлық технологиялар арқылы берілетін хат алмасу құпиясын конституциялық қорғауды күшейтуді ұсынады, - деді ол.

Бұған дейін вице-президентке қойылатын талаптардың үлгісі жарияланғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум