«Ақ жол» партиясы фракциялар ұсыныстары бойынша парламенттік комиссия құруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының фракциясы конституциялық реформа бойынша түсіп жатқан ұсыныстарды жан-жақты талқылау үшін Парламент палаталарының комиссиясын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутат Азат Перуашев Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттікті қайта бөлу бастамасы кеңінен пікірсайыстар жүргізуге негіз болғанын, осы орайда мыңдаған азаматтарға өздерінің пікірлерін жариялауға ықпал еткенін атап өтті.
«Бұл ретте теңдестірілген қадамды қамтамасыз ету керек, яғни елге экономиканы дамытуда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда, қоғам алдында ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етуде бірлескен нәтижені мақсат еткен бастамашы үкімет пен парламент керек. Парламенттік фракциялардан, комитеттерден және бүгін сөз сөйлегендерден келіп түсіп жатқан ұсыныстарды егжей-тегжейлі қарастыру үшін Мәжіліс пен Сенаттан депутаттардың теңдей санымен, сондай-ақ әзірлеушінің өкілдерімен Парламент палаталарының бірлескен комиссиясын құруды ұсынамын. Комиссия өз кезегінде екінші оқылымға заң жобасын пысықтауы тиіс», - деді Перуашев.
Айта кетейік, палаталардың бірлескен отырысы барысында «Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда талқылануда.