«Ақ жол» партиясы сайлауалды бағдарламасын бекітуді кейінге қалдырды
«Біз прагматикалық партия ретінде сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық, экономика мен саясаттағы монополиядан басталатын ескі олқылықтардың қоғамның барлық саласын дендеп алғанын көріп отырмыз. Олар өздігінен жойылмайды. Мұны еңсеру тұрақты күш-жігерді талап етеді. Сондықтан «Ақ жол» партиясының саяси бағдарламасы ерекше өзекті», - деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Осы орайда ол Алаш республикасының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның «Мемлекеттігі жоқ халық - жетім халық» деген сөзін мысалға келтірді.
«Қазақ республикасының тәуелсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық мүддені қорғау әр азаматтың қасиетті міндеті. Тәуелсіздік деген - еліміз, жеріміз және оның байлығы, мемлекеттік тіл мен қоғам бірлігі. Тәуелсіздік деген - өз жолыңды, тағдырыңды таңда мүмкіндігі. Бұл - ұрпақтарымыздың болашағы үшін жауапкершілік. Тәуелсіздіктің бастауында қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің негізінде Алаш ұлттық идеясы жатыр. Қазақ елі үшін Алаштан артық идея жоқ», - деді ол.
Құрылтай барысында еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар партия басшысы жария еткен сайлауалды саяси бағдарламаға енгізілуі тиіс бірқатар ұсыныс жасады.
Осыдан кейін бағдарламаға енізілетін түзетулерді қарастыратын комиссия құрылып, мүшелері бекітілді.
«Осы комиссия дайындаған жобаны толықтырып, құрылтайымыздың атынан қарастыруды және қабылдауды Ұлттық кеңесімізге тапсырайық деген ұсыныс бар», - деді Азат Перуашев.
Құрылтай делегаттары мұндай ұсыныспен толықтай келісті.