«Ақ жол» партиясы сайлауға қатысты шешімді 13 сәуірде қабылдайды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы президиум фракциясының кезектен тыс президент сайлауына арналған кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлауға қатысу туралы, әсіресе партия атынан шығатын үміткерлер туралы шешім партия съезінде ғана қабылданады. Партия съезі партияның орталық кеңесінің шешімімен шақырылады. Осыған байланысты мен алдағы күндері Партияның Орталық кеңесінің пленумды шақыруы мәселесін президиум қарауына шығарамын. Пленумда съезді өткізу күні анықталады, барлық заңды процедуралардан өту үшін партияның барлық аймақтарының және бастауыш ұйымдары өкілдерінің нормасы туралы шешім қабылданады», - деді партия көшбасшысы Азат Перуашев.
Орталық кеңес пленумының күн тәртібіндегі негізгі мәселе - «Ақ жол» партиясының кезектен тыс президент сайлауына қатысуы болмақ.
«Күтпеген қиындықтарға жол бермеу үшін қазір барлық құқықтық процедураларды сақтауға тиіспіз. Сондықтан, біз заңдарға, әсіресе саяси партиялар туралы заң мен партия жарғысына сәйкес қатаң түрде әрекет етеміз. Біздің құжаттарға сәйкес, сайлауға қатысу және үміткерлерді ұсыну туралы шешім тек съездің құзыретіне жатады. Съезге дейін бұл мәселелерді өзімізше талқылай аламыз, өз пікірімізді білдіре аламыз, бірақ шешім мен нақты жауапты партия съезі жариялайды», - деді ол.
Сонымен бірге, А. Перуашев орталық кеңес пленумы өтетін күнді жариялады.
«Ақ жол» партиясында кәсіпкерлер қатары көп және олар уақытты бағалайды, сондықтан бір жағынан, бұл мәселені кешіктірмеуді ұсынамын, екінші жағынан, әріптестерімізді жұмыс уақытында, жұмысынан ажыратып алмауға кеңес береміз. Яғни, барлық аталған мәселелерді қарастыратын орталық кеңестің пленумын жақын сенбі күні - 13 сәуірде өткізуді ұсынамыз», - деді Азат Перушев.