Ақ жол партиясы теледебатта қандай мәселе көтерді
«Осыдан 100 жыл бұрын Алаш арыстары: «Қазақтың тасы кеудесіне түйме болып қадалуы керек. Қазақтың қойының жүні иығына шекпен болып жабылуы тиіс», деп айтып кеткен. Өкінішке орай, бізде нақты экономиканың орнына слайд көрсетеді. Халықтың қаржысы шығындалған кәсіпорын, бағдарлама суға кетіп жатыр. Біздің мақсатымыз осыны нақты қайтару. Ол дегеніміз не? Экономиканы ырықтандыру, мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеу, кәсіпкерлікті қолдау», - деді ол.
Телевизиялық пікірсайыс барысында Берік Дүйсембинов Respublica партиясының өкілі Сырымбек Таудың «Ақ жол» партиясы басшылығының ұзақ жылдан бері өзгермеуіне қатысты сұрағына жауап беруге тырысты.
«Мәселе басшының ауысқанында емес. Иә, дұрыс та шығар. Бірақ, бізде «көпірдің үстінде ат ауыстыру» жоқ», - деп жауап берді Ақ жол партиясының өкілі.
Оның пайымынша, ықпалды Парламент болуы үшін бюджетке қатысты мәселелер заң шығарушы органның алдында есепті болуы тиіс. Сонымен қатар сайлауда партия Үкіметті жасақтауы қажет. Өйткені, өткен 30 жылдың ішінде Үкіметтің жеңісіне де, жеңілісіне де ешкім жауап берген жоқ. Халық қаржысы желге ұшты.
Пікірсайыстың қорытынды бөлігінде сөз алған Берік Дүйсенбинов сайлаушыларға үндеу жасады.
Еске сала кетейік, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайыс бірер сағат бұрын аяқталды. Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.