«Ақ жол» партиясының мүшелері байқаушыларды даярлауға қатысты пікір алмасты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бейпартиялық сайлауды байқау орталығының мүшелері елордада «Ақ жол» партиясының мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақ жол» партиясының мүшелері байқаушыларды даярлауға қатысты пікір алмасты

«Ақ жол» партиясының мүшелерімен пікір алмасу біз үшін маңызды. Жақында Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы ашылды. Негізі, әлем елдерінің тәжірибесіне сүйенсек, қоғамдық ұйымдар сайлау науқанында байқаушылық іс-шараларына қатысатын болса, бұл өз кезегінде мемлекеттің демократиялық жолдағы дамуының көрсеткіші. Бір аптада еліміздегі партиялардың өкілдерімен кездесу өткізіп жатырмыз. Бізде партиялық емес байқаушылар қызмет етеді. Ал сіздерде партиялық байқаушылар мен сенімді өкілдеріңіз бар. Бірақ негізгі мақсат бір – ол сайлаудың әділ әрі ашық өтуіне жағдай жасау. Осы орайда байқаушылар өздерінің елеулі үлесін қосатын болады», - деді Сайлауды бейпартиялық байқау орталығының жетекшісі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.

Өз кезегінде «Ақ жол» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев партия 10 мыңға жуық байқаушыны дайындауды жоспарлап отырғанын атап өтті.

«Олардың қатарында сенімді өкілдер де, байқаушылар да қамтылады. Дегенмен 20 мың адамды дайындау мақсатын белгілеп отырмыз, яғни барлық учаскелерді қамтуды жоспарға енгіздік. Себебі бір адамға күні бойы сайлау учаскесінде болу қиын болатыны түсінікті», - деді Е. Барлыбаев.

«Алда өте маңызды сайлау өткізілмек. Оны барынша ашық әрі әділ өткізу керек. Халық сайлаудың дұрыс өтуін ерекше назарда ұстап тұрғанын байқап жүрміз. Сондықтан Сайлауды бейпартиялық байқау орталығындағы бүгінгі кездесу үшін алғыс айтамын. Орталық сайлаудың таза өтуіне өзінің елеулі үлесін қосады деп білеміз», - деді депутат.

Еске сала кетейік, биыл желтоқсан айының басында елордада Сайлауды бейпартиялық байқау орталығы ашылған еді.

Бұл орталық сайлау учаскелерін барынша қамту үшін әлемдік стандарттарға сай байқаушыларды дайындайды.