«Ақ жол» партиясының төрағасы кезектен тыс сайлауға пікір білдірді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс сайлау ашық әрі әділ өтетініне кепілдік берді. Сондықтан бұл сайлау таза өтетініне сенімдіміз. Орталық сайлау комиссиясы осы науқанның шартын айту керек, яғни үміткерлерді тіркеу және басқа да мерзімдері белгіленген соң, өзіміздің партиямыздың тиісті жұмыс кестесін құрамыз», - деді Перуашев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.
Тілшілер «Ақ жол» партиясы атынан сайлауға түсуге кім лайықты екенін сұрады.
«Партиямызда бірқатар лайықты, белсенді әрі білімді, тәжірибелі азаматтар бар. Сондықтан қазір алдын ала үміткер туралы айту қиын болар. Мен қазір өзім туралы ештеңе айта алмаймын, себебі бұл шешімді партияның құрылтайы қабылдайды», - депутат.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арнаған үндеуіне пікір білдірді.
«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаев секілді президенттік лауазымға келген азаматтар қызметін тиісті мерзімнің аяғына дейін атқаруға мүмкіндігі бар еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс сайлау өткізу арқылы демократиялық көзқарасы бар екенін, демократиялық дәстүрлерді құрметтейтін тағы бір көрсетті. Сондықтан бұл шешіммен санасып, оны қабылдауға тиістіміз. Менің ойымша, бұл қоғамға көрсетілген құрмет», - деді А. Перуашев.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу арнап, онда еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдағанын жариялаған болатын.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деген еді Қ.Тоқаев.