«Академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана» ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жуырда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде академик Р.Сыздықтың туғанына 90 жыл толуына орай «Академик Рәбиға Сыздық атындағы дәрісхана» ашылды. Соған орай, «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» атты «Дөңгелек үстел» өткізілді.
Рабиға Сәтіғалиқызы Сыздықова - көрнекті тіл маманы, түркітанушы ғалым, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Түрік тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің , «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерінің иегері. «Қаз КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» құрметті атағы берілген, есімі Қаз КСР-інің «Құрметті алтын кітабына» жазылған ерекше тұлғалардың бірі.
Қазақ тілі мен оның қолданылу әдіс-тәсілдеріне қатысты көптеген ғылыми-зерттеулер мен монографиялардың авторы Рәбиға Сыздықова атындағы дәрісхананы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ө.Айтбайұлы мен мемлекет қайраткері, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы А.Осман құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде ашты.
Шара «Ғылымдағы қазақ қыздары: қайраткерлік және дәстүр сабақтастығы» тақырыбындағы «Дөңгелек үстелге» ұласты. ҚазМемҚызПУ бірінші проректоры Б.А.Әлиев: «Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан академик Р.Сыздықтың туғанына 90 жыл толу мерейтойының Қыздар университетінің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұрғаны ерекше жағдай. Қос қуаныштың тағы бір белгісі - Р.Сыздық атындағы дәрісхананың ашылуы. Заманауи озық технологиямен жабдықталған, ғалымның еңбектері қойылған бұл дәрісхана филолог мамандарды даярлайтын, сапалы білім беретін орталыққа айналады деп сенеміз, - деді. Жиын барысында ғылымға айрықша еңбек сіңіргендері үшін академик Р.Сыздық пен академик Ө.Айтбайұлына «Ұлағат» алтын медалін, мемлекет қайраткері А.Османға «Ұлағат» күміс медалі тапсырылды. Сондай-ақ, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры М.Малбақовты, ф.ғ.д., профессор Б.Абылқасымовты, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ф.Оразбаеваны, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Б.Шалабайды мерейтойлық «Құрмет белгісі» медалімен марапаттады.
«Дөңгелек үстелде» академик Р.Сыздықтың өмір жолы, ғылымдағы игерген биіктері туралы көптеген ойлар ортаға салынды.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры М.Малбақов жаңа дәрісхананың ашылуымен құттықтап, студенттердің игілігі үшін «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 15-томдығын сыйға тартты. Сондай-ақ, академик Р.Сыздық атындағы атаулы шәкіртақы тағайындап, ҚазМемҚызПУ филология факультетінің 4-курс студенті М.Баубекке сертификат табыстады. Мұнан өзге сөз алған ф.ғ.д., профессор Б.Абылқасымов, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Ф.Оразбаева, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Б.Шалабай, тіл жанашыры А.Осман, Р.Құтқожина сынды қонақтар да жылы лебіздерін білдіріп, дәрісханаға арнап сый-сияпаттарын жасады.
Г.СЫДЫҚОВА