Академия мен агенттік қазақ тілін оқыту орталығын ашып жатыр

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында қазақ тілін оқыту орталығы құрылып жатыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Бір тіл - бір ел - бір тағдыр» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» академияның «Тілдер және аударма ісі» кафедрасының профессоры Назигүл Төленбергенова мәлім етті.

Академия мен агенттік қазақ тілін оқыту орталығын ашып жатыр

«Бұл үлкен бір орталық агенттік (ҚР Мемлекеттік қызмет істері - авт.) пен академия арасында жұмыс істейді. Ол мемлекеттік орталық болады. Негізгі бағыты - тілдік құзіреттілікті арттыру. Онда Қазақстанның кез келген азаматы тілдік құзіреттілігін жетілдіре алады. Орталық бірнеше оқыту бағыты бойынша қызмет етпек. Біріншісі - көпшілік алдында сөйлеуге үйрету, екіншісі - ресми стильде жазуды дамыту. Сондай-ақ біз қазақ тілінде жылдам оқып, үлкен мәтіннің ішінен қажетті ақпаратты алып шығу мәселесін ескеретін боламыз», - дейді Н. Төленбергенова.