Академиялық адалдық лигасының бес жылдығы: Жетістіктер мен жоспарлар
АСТАНА. KAZINFORM - Осыдан бес жыл бұрын жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдық пен этика қағидаттарын нығайту мақсатында, Maqsut Narikbayev University бастамасымен Академиялық адалдық лигасы (Лига) құрылған болатын. Іргесі қаланғалы лига өзін әділ және транспарентті білім беру ортасын қалыптастыратын, этикалық стандарттарды ілгерілететін институт ретінде танытты. Лиганың қызметінен оның барынша адал және ашық академиялық алаң құруға деген ұмтылысын байқауға болады.

Бес жыл ішінде лига 18 университеттің басын қосып, тәжірибе алмасуға, нетворкингті дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Лиганың негізгі жетістіктеріне стандарттар мен академиялық қызметтің әртүрлі бағыттары бойынша нұсқаулықтарды әзірлеу, мониторингтер мен аудиттер жүргізу, оқыту материалдары (видеодәрістер топтамалары) мен цифрлық платформаларды даярлау және оның Халықаралық академиялық адалдық орталығы (ICAI) сияқты халықаралық ұйымдардағы белсенділігі кіреді.
Дәл осы кезеңде Лига Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірлесе отырып, келесі жылға арналған стратегиялық жоспарды әзірлеуде. Бұл жоспар аясында мынадай қадамдар іске аспақ: академиялық адалдық бойынша халықаралық конференциялар мен семинарлар өткізу, AIRS 2.0 стандартын (ICAI) енгізу, жаңа цифрлық платформаларды даярлау, академиялық этика бойынша дөңгелек үстелдер мен пікірталастар жүргізу, қолданыстағы тәжірибелердің мониторингі және т.б.

Maqsut Narikbayev University моделі бойынша Астана медицина университеті және Қарағанды медицина университеті өздерінің «Академиялық адалдық дашборды» жөніндегі тәжірибесімен бөлісуге дайын. Power BI негізіндегі бұл құрал әртүрлі өнімділік көрсеткіштері мен академиялық адалдық бойынша есептерді тиімді бақылауға және талдауға мүмкіндік береді. Дашборд көмегімен академиялық адалдық деңгейін бақылауға және оны арттыру жолдарын ойластыруға көмектесетін визуалды есептерді (графиктер, диаграммалар, бағаларды бөлу қисығы) дайындауға болады.
Академиялық адалдық лигасының жобалық кеңсесінің басшысы Маханбаева Нұргүлдің пікірінше, мұндағы басты жетістік – Лиганың халықаралық деңгейде мойындалған серіктес атануы.
«Біздің басты нәтижеміз – Лиганың штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан Халықаралық академиялық адалдық орталығына қосылуы. Бүгінде Халықаралық академиялық адалдық орталығына әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам университет мүшелік етеді, ал біздің лига Қазақстан бойынша бұл Орталыққа мүше жалғыз ұйым. Сонымен қатар Maqsut Narikbayev University-дің өзі де Халықаралық академиялық адалдық орталығына мүше-университет», – деп бөлісті Нұргүл ханым.
Академиялық адалдық лигасына қызығушылық үздіксіз артып келеді және қазірдің өзінде 10-нан астам университет оған қосылуға ниет білдіріп отыр. Лигаға кіргісі келетін оқу орындары барлық қажет ақпарат пен қолдау көрсететін Жобалық кеңсеге жүгіне алады. Қазіргі уақытта еліміздегі академиялық адалдықты күшейтумен белсенді айналысатын екі негізгі мемлекеттік ұйым – Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Академиялық адалдық лигасына мүшелік келесідей мүмкіндіктерді ұсынады: жоғары оқу орындары қызметінің озық стандарттарына қол жеткізу, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, білім беру саласының жаһандық көшбасшыларымен тәжірибе алмасу және халықаралық бастамаларға атсалысу. Лига Қазақстанның және басқа да елдердің барлық жоғары оқу орындарын академиялық адалдық мәдениетін дамытуға, жоғары білім беру стандарттарына ұмтылуға және білім беру процестерінің сапасын арттыруға шақырады.